Биыл Шымкент қаласына құйылған инвестиция көлемі 514,3 млрд теңгеге жетті. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 721,7 млрд теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 32 пайызға артады деп күтілуде.
Шым шаһарда жалпы құны 80,7 млрд теңгені құрайтын 30 инвестициялық жоба жүзеге асып, 2 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Жалпы ағымдағы жылы инвестиция құны 103.5 млрд теңгені құрайтын 41 жоба жолға қойылып, 2 836 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Ал 2023–2027 жылдар аралығында жалпы құны 1,8 трлн теңгені құрайтын 276 инвестициялық жобаның пулы жасақталды. Нәтижесінде, 32 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылады. Үшінші мегаполисте бес өнеркәсіптік аймақ бар. Оның жалпы аумағы 869 гектарды құрайды. Жоспарланған кестеге сәйкес жалпы құны 358 млрд теңгені құрайтын 337 жоба іске асырылуда. Бүгінге дейін инвестиция көлемі 216 млрд теңгені құрап, 273 жоба қолға алынды. Ал 8 мыңнан аса адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Қалада өңдеу өнеркәсібі салаларында 2023–2027 жылдар аралығында жалпы құны 395,1 млрд теңгені құрайтын 101 инвестициялық жобаның пулы жолға қойылды. Нәтижесінде, 11 мыңнан астам жұмыс орны құрылады. Қазіргі уақытта құны 10,9 млрд теңгені құрайтын 7 жоба іске асырылды. Ал жалпы биыл инвестициялық көлемі 14,6 млрд теңгені құрайтын 14 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бұл меже орындалса, 413 жаңа жұмыс орны ашылады.