Шымкент қаласының кәсіпкерлік палатасында 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы шеңберінде «Кәсіпке бағыт» салалық оқытуы ұйымдастырылған болатын. «Мен кәсіпкер» құралы аясында өткізілген оқу биыл үш бағыт бойынша ұйымдастырылды.
Атап айтқанда техникалық қызмет көрсету станциялары (детейлинг орталық ұйымдастыру) бойынша «Detailing Centre» жеке кәсіпкерлігіндегі оқуға 15 адам қатысты. Курс нәтижесінде бірнеше азамат өз ісін бастады, солардың бірі – «Аманат» жеке кәсіпкерлігі.
Сонымен қоса жеткізу қызметі бар қоғамдық тамақтану орны кәсібін ұйымдастыру бойынша тап осы оқуға 18 адам қатысқан болатын. Нәтижесінде олар «Salem Company Kazahstan» ЖШС-нің тәжірибесін үйреніп шықты. Тәлім алғандар арасынан аталған бағыт бойынша «Қасқыр СӘ» жеке кәсіпкерлігі ісін бастап кетті.
Ал тігін өндірісі саласын меңгеруге 13 тұрғын ниет білдіріп, оларға тігіншілікпен бірнеше жылдан бері айналысатын «Kasiet Collection» компаниясының жетекшісі Гулфайрус Шегебаева менторлық жасады. Бұл бағыт бойынша «Халимбетова» жеке кәсіпкерлігі өз кәсібін ашты.
Осылайша үш сала бойынша салалық оқуға қатысып, тәжірибе жинаған тұрғындар өз ісін ашып, бастап отыр.
Айта кетейік, «Кәсіпке бағыт» курсы жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлер үшін тегін өткізілген болатын. Бір апта тәжірибе жинаған кәсіпкерлерге арнайы сертификат беріліп, ары қарай үш ай сүйемелдеу қарастырылған. Осының нәтижесінде қаланың епті азаматтары көп кешіктірмей кәсіптерін ашып, нәпақаларын табуға кірісіп те кеткен.
16-12-2023, 15:37
Шымкентте бейінді оқытуға қатысқандар өз кәсіптерін ашып жатыр
Фото: pixabay.com
Егер мәтінде қате байқасаңыз, оны таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз