"Құқықтық тәртіп" жедел-алдын алу іс-шарасының басты мақсаты заңдылықты, құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдау, сондай-ақ кез келген ұсақ құқық бұзушылықтарға "нөлдік төзімділік" қағидаты болып табылады, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Жамбыл облысының полиция департаментіне сілтеме жасап.
Іс-шараны өткізу барысында учаскелік инспекторлар өздерінің әкімшілік аумақтарында пәтерлер мен аулаларды аралап шықты. Тексеру кезінде ҚР ішкі істер органдарында есепте тұрған 339 адам қамтылып, олармен белгіленген шектеулерді бұзудың 14 дерегі анықталды.
Сондай-ақ, полицейлер 3000-ға жуық әкімшілік құқық бұзушылықты, оның ішінде 172 абаттандыру ережелерін бұзу, 27 ұсақ бұзақылық, 85 алкогольдік ішімдік ішу немесе қоғамдық орындарда мас күйінде пайда болу, 86 кәмелетке толмағандардың түнде ойын-сауық орындарында және ересектердің еріп жүруінсіз үйден тыс жерде болу деректерін анықтады.
Іс-шара барысында полицейлер көлік құралдары жүргізушілері мен жаяу жүргіншілердің жол қозғалысы ережесін бұзушылықтарын анықтап, алдын алу жұмыстарын жүргізді. Мысалы, 163 жүргізуші жылдамдық режимін бұзғаны, 15 жүргізуші бағдаршамның тыйым салу белгісінен өткені үшін жауапқа тартылды, ал 198 жаяу жүргіншіге қатысты жолдың белгіленбеген жерден өткені үшін хаттама толтырылды.
Қабылданған шараларға қарамастан, кейбір азаматтар мас күйінде көлік жүргізуді жалғастыруда, бұл жауапсыз әрекет олардың, сондай-ақ жол қозғалысының басқа қатысушыларының өміріне қауіп төндіреді.
Мәселен, облыс орталығының көшелерінің бірінде полиция қызметкерлері жол ережесін бұзғаны үшін "Тойота" маркалы автокөлікті тоқтатты. Тексеруден кейін жүргізушінің мас күйде екендігі анықталды. Көлік ішінде әйелі мен үш жас баласы болған.
Құқық бұзушыға ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігімен әкімшілік хаттама толтырылды. Енді ер адам 15 тәулік мерзімге қамауға алынып, жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылады.
Рейдтің бірінші күні мас күйде 12 жүргізуші ұсталды, олардың көліктері арнайы тұраққа қойылды.
Жамбыл облысының Полиция департаменті азаматтарға қоғамдық тәртіп пен жол ережесін бұзбауды ескертеді. Құқық тәртібін бұзу деректері туралы полицияға дереу хабарлауды сұраймыз.