Шымкентте 2023-2025 жылдар аралығында «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында 25 мектептің құрылысы жүргізіледі. Заманауи үлгіде қарқын алған білім нысандары 40 мыңдай орынға арналады.
Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Ұлттық жобаның алғашқы кезеңі биыл жүзеге асырылуда. Осы сарынмен 12 орында құрылыс қызған. Шымкентте 2023 жылы 17 300 орынға арналған 12 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Келер жылы 20 400 орындық 13 жайлы білім ұясы салынады. Ерекше білім нысандарының басты ерекшелігі — оның жабдықталуында. Бастауыш және жоғары сыныптарға арналған бөлек блоктар, трансформер-мобильді парталар, трансформациялау мүмкіндігі бар әмбебап акт залы қарастырылған. Әр мектептің жеке кітап қоймасы, оқу залы, элек-тронды кітапханасы мен ғимараттың әр қабатына коворкинг аймағы болады. Ал, әмбебап шеберханалар, бастауыш кәсіптік білім беруге арналған кабинеттер оқушыларды бейіміне қарай білім алуына мүмкіндік береді.
Жайлы мектептер ең алдымен Wi-Fi және жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылады. Компьютермен жабдықталған физика, химия, биология дәрісханалары мен оқу зертханалары, робототехника кабинеттері жұмыс істейді. Мектептер пайдалануға берілгенге дейін оған қатынайтын автомобиль жолдары, автотұрақтар, қоғамдық көлік бағыттары мен аялдама, мәселелері де толығымен шешіледі. Инфрақұрылым мәселесі балалардың жайлылығы мен қауіпсіздігі үшін жіті бақылауға алынбақ.
Үшінші мегаполистің демографиялық ахуалы да жыл санап артып келе жатқанын ескерсек, миллион тұрғыны бар қаланың мектеп тапшылығы толығымен шешілуі тиіс. «Жайлы мектеп» жобасы осы мақсатта үлкен бастамаларға сеп болып, дер кезінде қолға алынған дамудың даңғыл жолына бастайтын бағдарлама болмақ.