Көлік министрі Брюссельде еуропалық ұйымдардың басшыларымен бірқатар екіжақты кездесу өткізді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Көлік министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бельгия астанасында Марат Қарабаев еуропалық комиссияның вице-президенті Марош Шефчовичпен, көлік жөніндегі еурокомиссар Адина Валеанмен, ЕҚДБ президенті Одиль Рено-Бассомен, сондай-ақ BESIX бельгиялық-француздық құрылыс компаниясының бас директоры Филипп Дессомен кездесті.
Кездесулерде Қазақстан мен Еуропалық одақтың құрылыс, энергетика, көлік және логистика саласындағы ынтымақтастығын тереңдету мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ Марат Қарабаев Hyrasia One компаниясы мен «Саржа» теңіз терминалы арасындағы Құрық портынан Еуропаға таза сутегі мен аммиакты тасымалдау жөніндегі келісімге қол қою рәсіміне қатысты. Тараптарға еуропалық компанияның басшысы Вольфганг Кропп және SEMURG INVEST ЖШС бизнесті дамыту жөніндегі директоры Мадина Анет қол қойды.
«Hyrasia One Қазақстанда «жасыл» сутекті өндіру бойынша ауқымды жобаны жүзеге асыруда. Компания өз алдына өнімді тасымалдау мәселесін шешу міндетін қойып отыр. Келісімшарт тағы бір көпфункционалды «Саржа» терминалының құрылысын бастауға мүмкіндік береді», деді еліміздің Көлік министрі.
Бұл күндері Брюссельде Еурокомиссия Президентінің, ЕО және серіктес елдер үкіметтерінің, қаржы институттары мен кәсіпкерлердің жоғары лауазымды өкілдерінің қатысуымен Global Gateway 2023 форумы өтіп жатыр.
Іс-шара «жасыл» энергетика мен «жасыл» сутекке көшу, инфрақұрылымды, аса маңызды шикізат ресурстарын және көлік дәліздерін дамыту мәселелеріне арналған.
Марат Қарабаев көлік дәліздері бойынша пленарлық және панельдік сессияға қатысты.
«Біз тиімді транзиттік трансконтинентальдық дәліздер мен маршруттар желісін құрдық. Шығыс-Батыс бағыты бойынша Транскаспий халықаралық көлік маршрутының рөлі арта түсті. Бұған 2022 жылдың қорытындысы бойынша ЕО, ОА және ҚХР арасындағы жүк тасымалы көлемінің екі есе өсуі дәлел», деді Марат Кәрімжанұлы.
Сондай-ақ ол 2017 жылдан бастап Қазақстан, Қытай, Әзербайжан, Грузия, Түркия, Румыния, Польша және Болгарияның қатысуымен Халықаралық ТХКМ қауымдастығы жұмыс істейтінін атап өтті. Министрдің айтуынша, бұл күндері Австрия, Германия, Литва, Латвия, Эстония және Венгрия аталған көлік маршрутына кіруге қызығушылық танытып отыр.