Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында «Қазақстан» спорт кешенінің құрылысы қашан аяқталатынын айтты, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
«Елордада спорт мекемелеріне деген қажеттілік бар. Қалаға қажетті құрылыс нысандарына да жеке инвестициялар тартамыз. Мәселен, Алматы ауданының Қажымұқан Мұңайтпасов көшесінде спорт орталығы («Қазақстан» СК жанында) салынып жатыр. Нысанның жалпы ауданы – 10 мың шаршы метрден астам. Жоспар бойынша онда үстел теннисі үйірмелері, футбол, баскетбол, волейбол залдары, IT үйірмелері – lego және киберспорт, қыш шеберлігі мектебі, шахмат, күрес, бокс залдары және т.б. болады. Бұл спорт орталығы келесі жылы ашылады деп жоспарланып отыр. Сол сияқты қаланы аралау барысында «Қазақстан» спорт кешеніне бардым. Елорда тұрғындары мен қонақтары бұл орынға бір емес бірнеше рет барып, бос уақытын өткізді деп ойлаймын. Нысан Алматы ауданының тартымды орындарының бірі саналады. Спорт кешені апатты жағдайда болған соң екі жыл бұрын нысанды жаңғырту жұмысы басталған. Өкінішке қарай, инвестор құрылыс жұмысын толық жүргізе алмады. Жұмыс бір орында тоқтап тұрды. Дегенмен бір кездері танымал болған нысанның осындай күйде тұруына біз жол бермейміз. Сондықтан қосымша қаржыландыру көздерін қарастырып жатырмыз. Сонымен қатар, қалада бұқаралық спортты дамыту үшін дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салып жатырмыз, балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектептері мен федерацияларды қолдаймыз, аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді (саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар) және т.б. абаттандырамыз», – деп жазды Жеңіс Қасымбек.