Елорданың төрт ауданындағы елді мекендерде дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынуда. Қала тұрғындары өз үйінен алысқа ұзамай-ақ, тегін барып, спортпен шұғылдана алады, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.
Нұр-Сұлтан қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасында Алматы ауданындағы «Теміржолшылар» елді мекенінде №17 және ЖД2 жобалық атаулары бар көшелер қиылысындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің эскиздері көрсетілді. Оның жалпы ауданы 2634,2 шаршы метрді құрайды.
Спорт кешенінде баскетбол, волейбол, күрес және бокс секілді спорт түрлеріне арналған залдар, сондай-ақ қарт адамдарға арналған қызығушылық клубы бар. Мұнда Халыққа қызмет көрсету орталығы да орналасады. Екінші қабатта кітапхана, балалар алаңы, тамақ ішетін орын, әкімшілік және тұрмыстық үй-жайлар орналасқан.
«Дене шынықтыру-сауықтыру орталығы бұқаралық спортты насихаттау мақсатында салынған, бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында айтқан болатын. Полицентрлік қағидат бойынша мұндай спорт нысандары елорданың 4 ауданында (елді мекендер) салынған. Сонымен қатар, спорттық аймақтарға және ашық кеңістіктерге деген үлкен сұранысты атап өтуге болады. Көше спортына арналған инфрақұрылымды құру жұмысы қаланың барлық ауданында «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспары бойынша жалғасатын болады», - деп атап өтті Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Ұранхаев.
Еске сала кетейік, бұған дейін елорда әкімі Алтай Көлгінов қала тұрғындарының дене шынықтыру-сауықтыру кешендеріне тегін бара алатынын хабарлаған болатын.
Айта кету керек, аулалар мен қоғамдық кеңістікті абаттандыру жұмысы елорда әкімінің тапсырмасы бойынша «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспарын іске асыру аясында жүргізілуде. 2020 жылы Нұр-Сұлтанда 150-ден астам аула және 60 қоғамдық кеңістік (саябақтар, скверлер, бульварлар) абаттандырылды. Биыл 190 нысан салынып, жөнделеді.