Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, 2022 жылдың өткен кезеңінде Ақмола облысында 429 өрт тіркелген. Өрттің қауіпті факторларынан 17 адам қаза тауып, жетеуі жарақат алды. Иіс тиіп, уланудан бір адам көз жұмып, үшеуі жарақат алды. Осы ретте, жазғы кезеңде балалардың сауықтыру лагерлеріндегі өрт қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлініп отыр.
«Департаменттің есебінде барлығы 17 балаларды сауықтыру лагері тұр, оның ішінде ағымдағы жылы 13 балалар сауықтыру лагері қызметін жүзеге асырады. Жұмыс істеп тұрған лагерьлердің ішінен төрт нысанда өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталуына тексеріс жүргізілді. Оның ішінде 25 заң бұзушылық анықталып, ескерту түрінде төрт лауазымды тұлға әкімшілік жауапқа тартылды», - дейді департамент басшысының орынбасары М.Шапағатов.
Ведомстводан атап өткендей, балалардың жазғы лагерьлеріне жүргізілген тексеріс барысында өртті анықтау және сөндіру жүйелерінің болуы мен жұмысқа қабілеттілігіне, объектілердің алғашқы өрт сөндіру құралдарымен қамтамасыз етілуіне, эвакуациялау жолдарының болуы мен жай-күйіне, объектілердің өртке қарсы сумен жабдықталуымен қамтамасыз етілуіне, сондай-ақ электр желілерінің техникалық жай-күйіне ерекше назар аударылды.
Тексеру жүргізу барысында қызметкерлермен өрт туындаған жағдайда іс-қимыл бойынша 52 нұсқама және 13 оқу-жаттығу өткізілді. Айта кетсек, бұдан бұрын Зерендіде қатты жел тұрып, 8 тұрғын үйдің шатырын ұшырып әкеткен болатын.