Шымкентте бір айда есірткі өсірудің 16 дерегі тіркелді, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
1 маусымнан бастап республика көлемінде “Қарасора – 2023” арнайы жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. Іс-шараның бір айында Шымкент қаласы бойынша полиция қызметкерлері есірткінің заңсыз айналымымен байланысты жалпы 61 қылмыстық құқық бұзушылықты анықтады. Оның 29-ы – қылмыс және 32-сі – қылмыстық теріс қылық.
Соның ішінде, іс-шараның негізгі бағыты болып саналатын құрамында есiрткi заттары бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру бойынша жалпы 16 дерек анықталып отыр.
Мәселен, 3 маусым күні полиция қызметкерлері үй аралық және аула аралық қарау жұмыстарын жүргізу барысында 112 орамдағы үйінің ауласында 148 түп сора өсімдігін өсірген 51 жастағы ер азаматты құрықтады.
Сондай-ақ 26 маусым күні полиция қызметкерлерімен тексеру жұмыстарын жүргізу барысында Қайнарбұлақ саяжайындағы үйінің ауласында 132 түп сора өсімдігін өсірген 53 жастағы жергілікті тұрғын қолға түсті. Сол секілді, 12 маусым күні полиция қызметкерлері Сайрам тұрғын алабындағы өз үйінің ауласында 30 түп сора есімдігін өсірген 49 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады.
Бүгінде шымкенттік полицейлер жоспарға сәйкес қаладағы барлық жерлерде тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Атап өту қажет, “Қарасора – 2023” арнайы жедел-профилактикалық іс-шарасы 31 қазанға дейін жалғасады.