Шымкенттің Қаратау аудандық соты фотоаппарат ұрлады деп айыпталған 21 жастағы жігітке 3,5 жылға "бас бостандығын шектеу" туралы үкім шығарды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицияның хабарлауынша, жас жігіт Шымкент қаласының аумағындағы бизнес орталықтардың бірінен құны екі млн теңге тұратын SOBY A7-3 фотоаппаратының екі данасын жасырын түрде жымқырған. Жәбірленушіге келтірілген жалпы шығын көлемі – 2 млн теңгені құраған. Тергеу барысында жас жігіт өзі ұрлаған фотоаппаратты Алматы қаласындағы ломбардтардың біріне 1 млн 350 мың теңгеге өткізіп, одан түскен ақшамен несиесін жапқаны белгілі болды.
Басты сот талқылауында сотталушы өзіне тағылған айыпты толығымен мойындап, өкінетінін жеткізген. "Сот айыпталушының қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жайларын, жасаған қылмысының қоғамға қауіптілігінің сипаты мен дәрежесін, оның жеке басының деректерін ескере келе, Қылмыстық кодекстің 188-бабы 3-бөлігінің 1 және 3-тармағы ("Ұрлық") бойынша азаматқа "бас бостандығынан шектеу" түріндегі жазаны қолдану қажет деп тауып, 3,5 жылға үкім кесті. Сондай-ақ, тағайындалған бас бостандығын шектеудің барлық мерзіміне пробациялық бақылауда болып, жергілікті атқарушы органдар айқындайтын орындарда жыл сайын 100 сағатқа мәжбүрлі еңбекке тартылу міндеттелді", – дейді полиция өкілдері.
25-11-2022, 16:35
Шымкентте фотоаппарат ұрлаған жас жігіт 3,5 жылға сотталды
Егер мәтінде қате байқасаңыз, оны таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз