Әуесқой бокстан әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері Болат Жұмаділовке екі бөлмелі пәтері қайтарылды. Бұл туралы "Қазақстан спортшылар одағы" республикалық қоғамдық бірлестінің төрағасы Азамат Қарлығашев айтты, деп хабарлайды Қазақпарат-қа сілтеме жасаған kazlenta.kz.
Азамат Қарлығашевтің сөзінше, бірнеше ай бұрын оған банк өкілдері хабарласып, боксшыны таба алмай жатқанын хабарлаған. "Бокстан қазақтың жарық жұлдызы Болат Жұмаділов – біздің қоғамның құрметті мүшесі. Сол себепті қаржы ұйымынан мән-жайды сұрағанда, оның банктегі қарызын қайтара алмай жүргені белгілі болды. Оның үстіне, сол уақытта сот шешімі шығып, сот орындаушылары мен бағалаушылар келіп, пәтерін алып қоймақшы болған.
Осы сын сағатта біздің Спортшылар одағы, спортшылар мен Олимпиада чемпиондары Болатқа көмек көрсетуге бел шештік. Біз екінші деңгейлі банк пен Ұлттық банк басшылығына хат жазып, аталған мәселені шешуге көмек көрсетуді сұрадық. Сонымен қатар олармен кездестік. Осыдан соң комиссия құрылып, қайта қаржыландыру, аресті алып тастау, басқа да шешімдер шықты. Аллаға шүкір, мәселеміз шешілді. Осы орайда Болаттай қазақ боксының жарық жұлдызын ескеріп, мәселесін түсініп, көмек көрсеткені үшін банктердің басшылығына алғыс айтамыз. Қазір Болат отбасымен Астанада, өзінің екі бөлмелі пәтерінде тұрып жатыр", - деді Азамат Қарлығашев.
29-09-2022, 16:20
Боксшы Болат Жұмаділовке пәтері қайтарылды
Егер мәтінде қате байқасаңыз, оны таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз