Дін мәселелері жөніндегі республикалық ақпараттық- түсіндіру тобының мамандары Жамбыл облысында тұрғындармен бірқатар кездесулер өткізді. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің арнайы жобасы аясында өткен кездесулерде теолог мамандар, дінтанушы ғалымдардың тарапынан жамағатпен ашық пікір алмасып, діннің рухани-адамгершілік құндылықтары жайында ақпарат беріліп, деструктивті діни ағымдардың әсеріне қарсы тұру үшін діни сауаттылықты арттыру керек екендігі айтылды.
Діни экстремизм бүгінде қоғамдағы өзекті мәселелердің біріне айналды. Бұл індет әлем елдерін де қазіргі таңда қатты алаңдатып отыр. Әсіресе, діни сауатсыздықтың салдарынан көбіне жастар жат ағымдардың шырмауына шырмалып, жетегінде кетуде. Дінтанушы ғалымдардың айтуынша бүгінгі таңда біздің қоғамда «ислам» және «террозизм» ұғымдарын бір деп қарастыру, терроризм мен экстремизмді ислам дінімен байланыстыру өкінішке орай, қалыптасып бара жатыр. Бұл қате пікір. Осындай теріс түсінік пен көзқарастың салдарынан түрлі деструктивті діни ағымдар жат пиғылдарын іске асырып жатқандығы да алаңдатарлық жайт. Тура жолдан тайдырып, адастырушы ағымдармен күресте ең алдымен діни сауаттылықты арттыру, жастар арасында дәстүрлі дініміздің асыл қасиеттерін кеңінен насихаттау маңызды. Тараз қаласы бойынша бірнеше кездесулер өткізген дінданушы мамандар осы және өзге де мәселелер жөнінде кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Діни экстремизмен күресте тиімді де жүйелі жұмыс жүргізу үшін жаңа әдістер, идеялар мен жаңашыл ұсыныстар айтылды.
Дін істері комитетінің арнайы жобасы аясында қазақстандық қоғамның дәстүрлі, мәдени және отбасылық құндылықтарын нығайту, діни экстремизмнің таралуына жол бермеу мен алдын-алу мақсатында өткен діни ағартушылық шараларында сондай-ақ, дін саласындағы мемлекеттік саясаттың мәні түсіндірілді. Асыл дініміз – исламның құндылықтарын насихаттау арқылы діни сауаттылықты арттыруға, радикалды ұйымдардың қауіптілігін түсіндіруге бағытталған мұндай жиындар сонымен қатар Тараз қаласы ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Жамбыл облысы бойынша департаментінде әскери қызметкерлермен, қалалық полиция басқармасында пробация қызметінің қызметкерлері және осы мекемеде тіркеуде тұрған азаматтармен де кездесулер өткізді. Жиын барасында қойылған сұрақтарға жауап беріліп, ашық диалог алаңы ұйымдастырылды.