ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Швейцария елшісі Давид Грифтингпен кездесіп, теміржол саласындағы стратегиялық ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Кездесуге сонымен қатар Қазақстанның мемлекеттік органдарының, «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның өкілдері және швейцариялық Stadler Bussnang AG компаниясының басшылары қатысты, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Еске сала кетейік, 2021 жылғы 29 қарашада Женевада өткен инвестициялық дөңгелек үстел аясында Қазақстан мен Швейцария президенттерінің қатысуымен әртүрлі салаларда бірқатар коммерциялық келісімге қол қойылды.
Бүгінгі кездесу барысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов қазіргі құбылмалы ахуалға қарамастан, Қазақстанның транзиттік мүмкіндіктеріне ұлттық, жаһандық деңгейлерде қызығушылық байқалып отырғанын, көлік-логистикалық қызметтерге деген сұраныстың артып келе жатқанын атап өтті.
Ә. Смайылов қазақстандық машина жасау саласы ұлттық экономиканың әлеуеті зор салаларының бірі екенін және оны жергілікті деңгейде дамыту үшін тиісті мүмкіндіктердің бар екенін атап өтті.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ жылжымалы құрамды жаңарту бойынша жоспарлы жұмыс жүргізіп жатыр. Олардың тозуы шамамен 60 пайызды құрайды, сондықтан оларды біртіндеп жаңартуымыз керек. Бұл жоба біз үшін, әсіресе Қазақстандағы жергілікті өндірісті кеңейту тұрғысынан өте маңызды», — деді ҚР Премьер-Министрі.
Швейцария тарапының өкілдері «Мade in Kazakhstan» заманауи жылжымалы теміржол құрамының әлемдік сапа стандарттарына сәйкес келетін өндірісін жолға қоюға, персоналды оқытуды қамтамасыз етуге, жергіліктендіру жөніндегі талаптарды сақтау бойынша міндеттемелерді орындауға дайын екендіктерін және Қазақстанды осы аймақтағы негізгі алаң ретінде көргісі келетіндерін айтты.
Кездесу қорытындысы бойынша Премьер-Министр Әлихан Смайылов Қазақстан Республикасының теміржол саласындағы және басқа да салалардағы стратегиялық ынтымақтастықты дамытуға мүдделілігін растады.