Шығыс Қазақстан облысында абаттандыру саласында 8 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Жыл басынан бері Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің аумақтық бөлімшелері мен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен жұмысы нәтижесінде 8 198 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабында көзделген аумақтарды абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін 6 922 адам жауапкершілікке тартылды. Ал қоғамдық орындарды ластағаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 434-2-бабы бойынша тағы 1 276 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін анықтау және жою жұмыстарына да ерекше назар аударылуда.
Жүргізілген іс-шаралар барысында осындай 204 орын анықталып, оның 190-ы тазартылды. Сонымен қатар абаттандыру саласындағы құқық бұзушылықтарға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою мақсатында жергілікті атқарушы органдар мен заңды тұлғалардың атына 114 ұсыным енгізілді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр. Полиция қызметкерлері мүдделі органдармен бірлесіп, құқық бұзушылықтардың алдын алу, кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту және өңір аумағында тазалықты сақтау бағытында тиісті шаралар қабылдауда.