Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді «Түркі ғасыры: тілде, пікірде және істебірлік» ұранымен өтетін Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) 13-ші Саммиті қарсаңында ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатысты, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министрлік кездесу барысында Ұйым аясындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері бойынша пікір алмасу өтіп, халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланды.
Өз сөзінде қазақстандық сыртқы саяси ведомствоның басшысы түркі мемлекеттерінің бірлігі мен ынтымақтастығын одан әрі нығайтудың, саяси диалогты тереңдетудің, сондай-ақ ТМҰ кеңістігінде сауда-экономикалық және көлік-логистикалық байланыстарды кеңейтудің маңыздылығын ерекше атап өтті.
Ағымдағы жылдың 15 мамырында Түркістанда «Жасанды интеллект және цифрлық даму» тақырыбында өткен ТМҰ бейресми Саммитінің қорытындыларына ерекше назар аударылды. Министр бұл кездесудің Ұйымның цифрлық күн тәртібіне жаңа серпін беріп, жасанды интеллект, инновациялар және озық технологиялар саласындағы өзара іс-қимылды тереңдетуге негіз қалағанын атап өтті.
Іс-шара соңында министрлер түркі ұйымдарының жұмысын дамытуға және кеңейтуге бағытталған бірқатар құжаттарды қабылдап, ТМҰ 13-ші Саммитінің қорытынды құжаттарының жобаларын қарастырып, бекітті.