Орталық Азия елдері мен Грузияның сыртқы істер министрлерінің кездесуі аясында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Грузия Премьер-министрінің орынбасары, Сыртқы істер министрі Мака Бочоришвилимен кездесу өткізді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тараптар Қазақстан-Грузия қатынастарының өзекті мәселелері мен стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайту перспективаларын талқылады. Саяси диалогты дамытуға, сауда-экономикалық және көлік-транзиттік ынтымақтастықты, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге ерекше назар аударылды.
Министрлер жоғары және аса жоғары деңгейлердегі алдағы байланыстар кестесін қарастырып, халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелер, соның ішінде көпжақты ұйымдар аясындағы өзара іс-қимыл жөнінде пікір алмасты.
Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамыту келіссөздердің негізгі тақырыптарының бірі болды. Сұхбаттасушылар көлік инфрақұрылымын өзара келісілген түрде жаңғырту, порттар мен теміржолдардың тиімділігін арттыру, тарифтік шарттарды жетілдіру және электрондық құжат айналымын енгізу мәселелерін талқылады.
Орталық Азия елдері мен Грузия министрлерінің кездесуі аясында көлік, логистика, сауда және инвестициялар салаларындағы өңіраралық ынтымақтастықты кеңейту әлеуеті атап өтілді. Еуропалық және әлемдік нарықтарға шығу үшін Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ өңірлері арасындағы тұрақты көлік байланыстарының маңыздылығы баса айтылды.
Тараптар ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және сыртқы саяси ведомстволар арасында тұрақты диалог жүргізуге өзара мүдделілігін растады.