Астанада «Цифрлық әлемдегі балалар: құқық, қауіпсіздік және жасанды интеллект» тақырыбында халықаралық диалог алаңы өтті. Кездесуге жас белсенділер, мектеп кеңестерінің өкілдері, жас құқық қорғаушылар, бала құқықтары жөніндегі уәкілдер, БҰҰ өкілдері, Қытайдан, Орталық Азия елдерінен, Финляндия мен Жапониядан келген халықаралық сарапшылар қатысты, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Іс-шара Астананың Бала құқықтарын қорғау басқармасының қатысуымен ұйымдастырылды.Кездесудің басты ерекшелігі балалардың белсенді атсалысуы болды. Олар баяндамаларды тыңдап қана қоймай, қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілдерінде пікірталас жүргізіп, сарапшыларға тікелей сұрақтар қойды.
Диалог алаңында мынадай мәселелер көтерілді:
* нейрожелілердің мүмкіндіктерін пайдалану мен өз бетінше сыни ойлау қабілеті арасындағы тепе-теңдікті сақтау;
* жеке деректерді қорғау, кибербуллингтің алдын алу және балалардың интернетті қауіпсіз пайдалануын қамтамасыз ету;
* цифрлық ортада «Адал азамат» және «Заң мен тәртіп» қағидаттарын ұстану, кітап оқу, спортпен шұғылдану және отбасымен қарым-қатынасты сақтау.
Қатысушылар балаларға арналған ұлттық цифрлық платформалар ашу, арнайы балаларға арналған SIM-карталар енгізу және өзге де өзекті мәселелер бойынша халықаралық тәжірибені талқылады. Сонымен қатар шешім қабылдайтын тұлғаларға арнап ұсыныстар әзірледі.