Шымкент қаласы Қазақстанның туу көрсеткіші жоғары өңірлерінің қатарында. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар–тамыз айларында мегаполисте 16 960 бала дүниеге келді. Еліміздің 20 өңірі арасында туу көрсеткіші бойынша төртінші орында тұрған қалада ана мен бала денсаулығын қорғау, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру және перинаталдық қызметтің мүмкіндіктерін кеңейту өзекті мәселелердің бірі саналады. Халық санының өсуі мен қаланың аумақтық дамуы медициналық инфрақұрылымды жаңғыртып, заманауи емдеу мекемелерін салу қажеттілігін арттырып отыр, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Ана мен баланың денсаулығы — денсаулық сақтау жүйесінің маңызды бағыттарының бірі. Жүктілік кезеңінен бастап босану және нәрестенің алғашқы күндеріне дейін сапалы медициналық көмек көрсету асқынулардың алдын алуға, күрделі жағдайларда шұғыл шешім қабылдауға және сәбилердің өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Қазақстанда жыл басынан бері ана өлімі 13%-ға төмендеді, ал сегіз айда бір жасқа дейінгі балалардың арасындағы өлім жағдайларының саны 115 жағдайға азайды - делінген ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз хабарламасында.

Әйелдер мен балаларға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын одан әрі арттыру мақсатында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова өңірлерге қызметтің кадрлық әлеуетін күшейтуді, жүктілікке дейінгі дайындықты, антенаталдық бақылауды және сыни жағдайларға дайындықты күшейтуді, сондай-ақ жергілікті жерлердегі патронаж қызметінің тиімділігін арттыруды тапсырды.
Әсіресе, жүктілігі жоғары қауіп тобындағы әйелдер мен арнайы медициналық бақылауды қажет ететін нәрестелерге мамандандырылған көмектің қолжетімді болуы маңызды. Осы қажеттіліктерді ескере отырып, Шымкентте жаңа медициналық нысандарды дамыту жұмыстары жалғасуда. Соның бірі — Ақжайық шағын ауданында салынып жатқан 200 орындық №2 қалалық перинаталдық орталық. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан жоба қаланың ана мен бала денсаулығын қорғау саласындағы медициналық әлеуетін арттыруға бағытталған.
Жаңа орталық мамандандырылған акушерлік және неонаталдық көмектің мүмкіндіктерін кеңейтеді. Мұнда әртүрлі деңгейдегі босануларды қабылдауға, ауырпатологиясы бар әйелдерге медициналық көмек көрсетуге және шұғыл босандыруға қажетті жағдайлар жасалады. Орталық аналар мен жаңа туған нәрестелерге жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетуге арналған заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі.
Орталықтың қызметін қала тұрғындарымен қатар Түркістан облысының іргелес аудандарында тұратын әйелдер мен балалар да пайдалана алады. Бұл мамандандырылған көмектің аумақтық қолжетімділігін арттырып, өңірдегі медициналық инфрақұрылымның жүктемесін тиімді бөлуге ықпал етеді.
Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары МӘМС қаражаты есебінен қаржыландырылатын медициналық қызметтер тізімінің кеңеюі нәтижесінде жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігі артып келеді. Медициналық көрсетілімдер болған жағдайда, әрбір ерлі-зайыпты жұп ЭКҰ (экстракорпоралды ұрықтандыру) процедурасын тегін жасатуға жолдама ала алады.
Бүгінгі таңда Қазақстанда экстракорпоралды ұрықтандыру қызметін көрсететін 19 медициналық ұйым жұмыс істейді. Олардың үшеуі Шымкент қаласында орналасқан. Бірнеше жыл бұрын Шымкент тұрғындары медициналық көмек алу үшін Алматы немесе Астана қалаларындағы клиникаларға жүгінуге мәжбүр болса, бүгінде медициналық инфрақұрылымның дамуымен жергілікті мамандардың кәсіби біліктілігінің артуы нәтижесінде пациенттердің басым бөлігі өз қаласындағы медициналық орталықтарға жүгінуді жөн көреді.
Шымкент қаласында ана мен бала денсаулығын қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға, сондай-ақ халықтың өсіп келе жатқан сұранысын қамтамасыз етуге бағытталған. Жаңа перинаталдық орталықтың құрылысы, заманауи медициналық технологиялардың енгізілуі және репродуктивті денсаулық сақтау қызметтерінің дамуы осы саланың әлеуетін нығайта түседі. Алдағы уақытта медициналық инфрақұрылымды жетілдіру, білікті мамандармен қамтамасыз ету және профилактикалық шараларды күшейту қала тұрғындарының денсаулығын сақтауға, ана мен бала өлімін төмендетуге және салауатты ұрпақ қалыптастыруға маңызды үлес қосады.