Жетісу облысының полиция департаментінде Республика күні аталып өтті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Жетісу облысының полиция департаментінде Қазақстан Республикасының Республика күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Саптық алаңға ішкі істер органдарының ардагерлері, департамент басшылығы мен жеке құрамы жиналып, еліміздің маңызды мемлекеттік мерекесін атап өтті. Іс-шара департаменттің Жауынгерлік туын салтанатты түрде алып шығудан және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындаудан басталды. Мерекелік бағдарламаның ерекше сәттерінің бірі — жас полиция қызметкерлерінің ант қабылдау рәсімі болды. Бұл күн олар үшін кәсіби қызмет жолындағы маңызды кезең, қызметтік міндетіне адал болудың, азаматтардың құқықтарын қорғауға, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге және заң үстемдігін сақтауға дайын екендігінің символына айналды.
Жетісу облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Мадияр Омаров Республика күнімен және жас қызметкерлердің ант қабылдауымен құттықтады. Ол қызметтік міндеттерді адал атқарудың, қоғам алдындағы жауапкершіліктің және ішкі істер органдарының үздік дәстүрлерін сақтаудың маңыздылыын атап өтті. Салтанатты іс-шара аясында кәсібилігімен, адал қызметімен және құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесімен ерекшеленген полиция қызметкерлері марапатталды. Сондай-ақ көп жылдық еңбегі мен кәсібіне деген адалдығы жас ұрпаққа үлгі болып келе жатқан ішкі істер органдарының ардагерлеріне құрмет көрсетілді. Іс-шара әскери оркестрдің сүйемелдеуімен полиция бөлімшелерінің салтанатты сап түзеп өтуімен аяқталды. Республика күні — мемлекеттіліктің, бірліктің және әр азаматтың ел болашағына деген жауапкершілігінің символы. Ал полиция қызметкерлері үшін бұл мереке халыққа қызмет етудің, заңдылықты қорғаудың және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жоғары миссиясын тағы бір мәрте еске салады.