Қазақстан мен Чехия агроөнеркәсіптік кешендегі сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға және заманауи агротехнологияларды енгізуге ниетті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биылғы жылдың алғашқы сегіз айының қорытындысы бойынша екі ел арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзара саудасы 31%-ға өсті. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы мен Чехия Республикасының ауыл шаруашылығы вице-министрі Ярослава Шпалкова кездесуде ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзара жеткізілім көлемін ұлғайту, мал және өсімдік шаруашылығы салаларындағы әріптестікті кеңейту, ветеринариялық және фитосанитариялық қауіпсіздік бағытындағы ынтымақтастықты нығайту перспективаларын талқылады.
«Қазақстан мен Чехия арасындағы ауыл шаруашылығы саласындағы қарым-қатынастың тұрақты дамуын жоғары бағалаймыз. Чехиямен ынтымақтастықты кеңейту – қазақстандық аграрлық өнімнің Еуропа нарығындағы орнын нығайтудың перспективалы бағыттарының бірі. Қолда бар әлеуетті іске асыру үшін тікелей іскерлік байланыстарды дамыту, экспортталатын өнім түрлерін көбейту және олардың еуропалық сапа мен қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін қамтамасыз ету маңызды», – деп атап өтті вице-министр.
Өз кезегінде Ярослава Шпалкова Чехияның ауыл шаруашылығын дамытудың негізгі бағыттарына тоқталды. Ол асыл тұқымды мал шаруашылығы, аквашаруашылық және органикалық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру салаларындағы өзара іс-қимылды басым бағыттар ретінде атады. Қазақстан тарапы тауар құрылымын әртараптандырудың, жеткізілім көлемін арттырудың және екі ел үшін де өзара қызығушылық тудыратын өнім түрлерін кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.
Ықпалдастықтың басым бағыттарының қатарында асыл тұқымды ірі қара мал мен жоғары генетикалық құндылығы бар асыл тұқымды бұқалардың ұрығын жеткізу, селекциялық-асылдандыру жұмысын жетілдіру, қолдан ұрықтандыруды дамыту және мал басын өсімін молайту саласындағы тәжірибе алмасу мәселелері де бар. Келіссөздер барысында өсімдіктер карантині мен оларды қорғау, сондай-ақ тиісті процестерді цифрландыру және автоматтандыру мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Тараптар өнімнің фитосанитариялық жай-күйін бақылауды жетілдіру және тиісті рәсімдердің тиімділігін арттыру мақсатында тәжірибе мен технологиялық шешімдер алмасу мүмкіндіктерін талқылады.
Кездесу соңында екі жақ агроөнеркәсіптік кешендегі әріптестікті одан әрі дамытуға өзара қызығушылықтың зор екенін жеткізді. Белгіленген бағыттарды іске асыру Қазақстан мен Чехия арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға, іскерлік қатынастарды кеңейтуге және аграрлық саладағы ұзақ мерзімді әріптестікті дамытуға ықпал етеді.