Астанада Түркия, Вьетнам мемлекеттеріне виза алып беремін деп жалған уәде берген күдікті ұсталды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Астана қаласында Есіл аудандық криминалдық полиция қызметкерлері Түркия, Вьетнам мемлекеттеріне виза алып беремін деп бірнеше азаматты алдап, ірі көлемде қаржы жымқырған 33 жастағы күдікті әйелді ұстады. Тергеу барысында анықталғандай, күдікті азаматтарды оңай жолмен шетелге шығуға виза алып беремін деп сендіріп, 6 эпизод бойынша алаяқтық әрекетке барған. Ол уәде етілген қызметі үшін түрлі сомада ақша алып, кейіннен байланысқа шықпай қойған. Күдікті өз кінәсін толық мойындады.
Келтірілген шығын сомасы шамамен 15 млн тг құрады. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Полиция азаматтарды шетелге шығуға көмектесемін дейтін жеке тұлғаларға сене бермеуге шақырады. Виза алу қызметін ұсынатын компанияның лицензиясы мен заңды қызметін міндетті түрде тексеру қажет, сондай-ақ келісімшартпен мұқият танысып, оның талаптарын толық түсінбейінше ақша аудармаған жөн.