Төтенше жағдайлар министрлігі су айдындарындағы оқиғалардың алдын алуға және шағын көлемді кемелерді қауіпсіз пайдалану мәдениетін арттыруға бағытталған «Қауіпсіздік азимуты» республикалық ақпараттық-профилактикалық акциясын бастады. Акция шағын көлемді кемелерді қауіпсіз пайдалануға қатысты жаңа бақылау-қадағалау функцияларын іске асыру аясында өткізілуде, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап ТЖМ қызметкерлері заңнама талаптарының анықталған бұзушылықтары бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 580, 582, 583-бабының екінші және үшінші бөліктері, сондай-ақ 584-бабы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы 430 хаттама толтырды. Салынған әкімшілік айыппұлдардың жалпы сомасы 4 988 987 теңгені құрады.
Акция аясында еліміздің барлық өңірлерінде профилактикалық және бақылау-қадағалау іс-шаралары ұйымдастырылды. Қызметкерлер шағын көлемді кемелердің иелері мен жалға алушыларымен, сондай-ақ су көлігімен жолаушылар тасымалдауды жүзеге асыратын кәсіпкерлермен кездесулер өткізуде. Қатысушыларға шағын көлемді кемелерді қауіпсіз пайдалану қағидаларының талаптары және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің нормалары түсіндіріледі.
Халық жаппай демалатын және кеме қатынасы белсенді жүзеге асырылатын орындарға ерекше назар аударылуда. Құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу мақсатында су айдындарында күшейтілген патрульдеу ұйымдастырылды. Қажет болған жағдайда ұшқышсыз ұшу аппараттары қолданылады. Инспекторлар тіркеу құжаттарының, кемені басқару құқығына берілген куәліктердің болуын, жүк тиеу талаптарының сақталуын, сондай-ақ құтқару құралдарының жарамдылығы мен болуын тексереді.
Сонымен қатар ТЖМ қызметкерлері шағын көлемді кемелердің иелері мен жалға алушылары, су көлігімен жолаушылар тасымалдайтын кәсіпкерлер және демалушылар арасында профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Азаматтарға шағын көлемді кемелерді қауіпсіз пайдалану қағидаларының талаптары, әкімшілік заңнама нормалары, судағы қауіпсіздік шаралары және су айдындарында демалу кезінде балаларды үнемі бақылауда ұстаудың маңыздылығы түсіндіріледі.
Қазақстан ТЖМ шағын көлемді кемелердің иелерін және барлық азаматтарды заңнама талаптары мен судағы қауіпсіздік қағидаларын қатаң сақтауға шақырады. Белгіленген талаптарды сақтау оқиғалардың алдын алудың және адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғаудың маңызды шарты болып табылады.
Естеріңізге сала кетейік, шағын көлемді кемелерді пайдалану қауіпсіздігін қамтамасыз ету тетіктерін жетілдіру мақсатында шағын көлемді кемелерге бақылау және қадағалау жүргізу функциясы Көлік министрлігінен Төтенше жағдайлар министрлігіне берілді.