Астанада республикалық Creative Aimaq жобасы аясында Шығыс Қазақстан облысының екі күндік креативті жәрмеңкесі өтті. Іс-шараға елорда тұрғындары мен қонақтарынан 1 500-ден астам адам қатысты, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Келушілер қолөнер бұйымдарын, керамика, тоқыма және интерьерге арналған заттарды, картиналарды, ағаш пен былғарыдан жасалған бұйымдарды, сондай-ақ түрлі кәдесый өнімдерін сатып алды.
Creative Aimaq жобасы шығармашылық иелеріне өз жұмысын көпшілікке таныстыруға, жаңа серіктестер мен сатып алушылар табуға, сондай-ақ жеке кәсібін дамытуға мүмкіндік береді. Жоба аясында осы уақытқа дейін Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Ұлытау облыстарына арналған бес өңірлік көрме ұйымдастырылды. Оларға жалпы саны 16 мыңға жуық адам келген.