Алматыда қауіпті беткейлер нығайтылды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тұрғындар мен қала инфрақұрылымы нысандарына қауіп төндірген көшкін қаупі жоғары тоғыз учаскеде беткейлерді бекіту жұмыстары толық аяқталды.
«Медеу» биік таудағы мұз айдыны маңындағы беткей, Шымбұлаққа апаратын автожол учаскесі, Кеңсай-2 зиратына баратын автожол және «Сарысай» бөгетіне апаратын эвакуациялық жол бойындағы беткейлер нығайтылды. Сондай-ақ, Қожамияров көшесіндегі, Палладин көшесінің бойындағы, «Кемел» зираты аумағындағы, Усиков көшесіндегі («Медеу» тұтыну кооперативі) және «Ақжартау» бау-бақша серіктестігіне кіреберіс жолдағы учаскелерде де жұмыстар жүргізілді.
Инженерлік жұмыстар толық көлемде аяқталды. Қазіргі уақытта аумақтарды көріктендіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қалада көшкін қаупі бар беткейлерді тексеру жұмыстары жалғасуда. Биыл мамандар көшкін қаупі жоғары тағы жеті учаскені анықтады. Қазір олар бойынша жобалық шешімдер әзірленіп жатыр. Одан кейін беткейлерді бекіту жұмыстары жүргізіледі.
Таулы аумақтарда төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында ескерту ақпараттық қалқандары орнатылып жатыр. Тұрғындар мен туристерге қолайсыз ауа райы туралы SMS-хабарламалар арқылы жедел ақпарат беріледі. Қажет болса кейбір тау бағыттарына уақытша шектеу енгізіледі.