Алматы әкімі Дархан Сатыбалды қалалық тұрғын үйді реновациялау бағдарламасының жүзеге асырылу барысына арналған кеңес өткізді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгінде Алматыда 35 жоба жүзеге асырылып жатыр. Жыл басынан бері тозығы жеткен тұрғын үйлердің 432 меншік иесі жаңа пәтерге қоныстанды. Жыл соңына дейін тағы 1165 тұрғынды жаңа қонысқа көшіру жоспарланып отыр.
Жиында реновация жобаларының іске асырылу барысы қаралды. Тұрғын үйлерді сатып алу және заңдық рәсімдерге байланысты объективті қиындықтарға қарамастан, бірқатар нысандағы жұмыс қарқыны әлі де жеткіліксіз.
Осыған байланысты Дархан Сатыбалды әрбір жоба бойынша қосымша талдау жүргізуді және міндеттемелерін орындамай отырған компанияларға қатысты тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.
Кеңесте кварталдарды кешенді дамытуға ерекше назар аударылды. Бұл тәсіл аудандарды ыңғайлы, заманауи етуге әрі қаланың үйлесімді сәулеттік келбетін сақтауға септігін тигізеді.