Жетісу облысында балалар лагерьлеріне тексеру жұмыстары жалғасуда, — деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Жетісу облысы полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері өңірдегі балаларды сауықтыру лагерьлерін тексеру жұмыстарын жалғастыруда. Бұған дейін профилактикалық тексерулер Ескелді ауданында жүргізілсе, енді бұл жұмыстар Текелі қаласында жалғасын тапты. Кезекті тексеру нысаны Edelweiss балаларды сауықтыру лагері болды. Полицейлер лагерь аумағын мұқият қарап шығып, қауіпсіздік деңгейіне жан-жақты баға берді.
Тексеру барысында қоршаудың жай-күйіне, бақылау-өткізу жүйесіне, ойын және спорт алаңдарына, балалардың тұратын орындарына, сондай-ақ өрт және қоғамдық қауіпсіздік талаптарының сақталуына ерекше назар аударылды. Сонымен қатар лагерь әкімшілігімен профилактикалық әңгімелер өткізіліп, төтенше жағдайлар туындаған кездегі іс-қимыл алгоритмдері түсіндірілді. Мұндай тексерулердің басты мақсаты — балалардың жазғы демалысы үшін барынша қауіпсіз жағдай жасау. Әрбір бала өзін қауіпсіз әрі қорғалған сезініп, ата-аналар балаларының сенімді қорғауда екеніне толық сенімді болуы тиіс. Профилактикалық жұмыстар Жетісу облысындағы барлық балалар лагерьлерінде жалғасады. Себебі балалардың қауіпсіздігі әрдайым басты басымдық болып қала береді.