Астана қаласында оқушыларға арналған жазғы лагерлер өз жұмысын ресми түрде бастады. Бұл – балалардың жазғы демалысын тиімді әрі мазмұнды өткізуге бағытталған кешенді жұмыстардың бастамасы, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Жазғы маусымда елордадағы 1-10 сынып аралығындағы 210 мыңнан астам оқушыны қамту көзделіп отыр. Олардың ішінде халықтың әлеуметтік осал санатындағы 11 мыңнан астам бала да жазғы демалыспен қамтамасыз етіледі.Білім беру ұйымдарының жанынан ұйымдастырылған лагерьлер бірнеше бағытта жұмыс істейді:
• Мектеп жанындағы лагерьлер – 92 мектеп базасында жұмыс істейді, оған 55 200 оқушы қатысады; • Бейінді лагерьлер – түрлі бағыттағы 192 лагерьде 11 520 оқушы демалады; • Тақырыптық жобалар – 10 жоба аясында 142 298 оқушы қамтылады; • Қала сыртындағы лагерь – 1 лагерьде 1 400 бала жазғы демалысын өткізеді.
Сонымен қатар, қала сыртындағы сауықтыру лагерьлеріне 4 мыңнан астам бала жіберіледі. Бұл мақсатта жергілікті бюджеттен қажетті қаражат бөлініп, балалардың демалысын ұйымдастыруға барлық жағдай жасалған.
Айта кету керек, 2025 жылғы 1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай Ақмола облысы, Ақкөл ауданында орналасқан «Барап» балалар спорттық-сауықтыру орталығының ашылды. Жобалық қуаттылығы – бір ауысымда 200 бала, жаз бойы жалпы 1 400 балаға қызмет көрсетеді.Сонымен қатар, елорданың 13 қосымша білім беру ұйымының базасында тақырыптық күндізгі лагерьлер мен қолданбалы өнер, шет тілдері және жүзу бағыттары бойынша қысқа мерзімді үйірмелер ұйымдастырылады.Балалардың қауіпсіздігі – басты назарда. Осыған орай білім беру ұйымдары басшыларының қатысуымен полиция, төтенше жағдайлар департаменті, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет және қоғамдық денсаулық сақтау басқармалары өкілдерінің қатысуымен арнайы нұсқамалар мен түсіндіру жұмыстары, семинарлар өткізілді. Сонымен бірге, қауіпсіздік техникасы туралы жадынамалар барлық ұйымдарға таратылды.