Мемлекет басшысының азық-түлік қауіпсіздігін нығайту және агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде елімізде 2026 жылғы егіс науқаны аяқталды. Көктемгі дала жұмыстары еліміздің барлық өңірінде белгіленген агротехникалық мерзімде жүргізілді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Науқанның уақтылы жүргізілуіне Үкімет атарпынан қабылданған мемлекеттік кешенді қолдау шаралары ықпал етті. Атап айтқанда, шаруаларды қажетті материалдық-техникалық ресурстармен қамтамасыз ету, егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру, су үнемдеу технологияларын енгізу, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің жеңілдетілген қаржыландыруға қолжетімділігін кеңейтуге басымдық берілді.
Қабылданған шаралар егіс жұмыстарының тұрақты жүргізілуін қамтамасыз етуге және ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыру үшін қосымша жағдай жасауға мүмкіндік берді.
Фермерлерді ерте қаржыландыру және тиімді қолдау тетіктері
Биыл Қазақстандағы жалпы егіс алқабы 23,8 млн гектарды құрады, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 180 мың гектарға артық. Барлық аймақта жаппай егіс жұмыстарының басталғанға дейін топырақты дайындауға бағытталған міндетті агротехникалық жұмыстар жүргізілді: ылғалды сақтау, егіс алдындағы өңдеу және көктемгі жер жырту.
Ауыл шаруашылығы дақылдары бойынша жүргізілген егіс жұмыстарының құрылымы келесідей:
- дәнді дақылдар – 14,6 млн гектар;
- майлы дақылдар – 4,2 млн гектар;
- мал азықтық дақылдары – 1,2 млн гектар;
- мақта – 166 мың гектар;
- көкөніс дақылдары – 120 мың гектар;
- картоп – 126 мың гектар;
- бақша дақылдары – 84 мың гектар;
- қант қызылшасы – 22 мың гектар.
Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің форумында берген тапсырмасына сәйкес, Үкімет тарапынан егіс науқандарын ерте қаржыландыру тетігі енгізілді. Бұл механизм егіншілерге қажетті қаржы ресурстарын алдын-ала тартуға, тұқым, тыңайтқыш, өсімдіктерді қорғау құралдары мен техниканы ең тиімді бағамен уақтылы сатып алуға, сондай-ақ егіс жұмыстарын жүргізуге сапалы дайындалуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы өндірушілерінің маусымдық баға өсіміне тәуелділігі төмендейді, егіс науқанын оңтайлы агротехникалық мерзімде өткізу қамтамасыз етілуде.
2026 жылғы көктемгі дала жұмыстарына өтінімдер қабылдау бұған дейінгіден ерте, 2025 жылдың қазан айында басталды. Жалпы, 2026 жылы көктемгі және күзгі дала жұмыстарын жылдық 5% жеңілдікпен қаржыландыру үшін 750 млрд теңге бөлу жоспарланған, 2025 жылы да осы көлемде қаржы бөлініп, 8,5 млн гектарға егін егілген болатын. Осы желі бойынша 4,8 мыңға жуық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер жалпы сомасы 573 млрд теңгеге қаржыландырылды, бұл 6,8 млн гектардан астам алқапта егін егуге мүмкіндік берді.
Кепіл базасы жеткіліксіз фермерлер үшін қарыз сомасының 85%-ы мөлшерінде мемлекеттік кепілдік беру бағдарламасының енгізілгені негізгі көмек болды. 2025 жылы осы құрал аясында 283 млрд теңге несие сомасына 1633 кепілдік берілді. 2026 жылы республикалық бюджеттен бұл мақсатқа 16 млрд теңге қарастырылды: науқан аясында 273 млрд теңге көлеміндегі несиеге 1733 кепілдік берілді.