Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында Алматыда ECO Network жобасы аясында екінші «Эко-Хаб» білім беру орталығы ашылды. Жаңа алаң Satbayev University базасында Eco Almaty ЖШС-нің қолдауымен жұмысын бастады, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Еске салсақ, алғашқы қалалық экохаб Марков көшесі, 44 мекенжайында орналасқан. Жаңа орталық экологиялық ағарту жұмыстарын жүргізуге, қалдықтарды бөлек жинау мәдениетін насихаттауға, еріктілік қозғалысты дамытуға және тұрақты даму бағытындағы жобаларды жүзеге асыруға арналған кеңістік болады.
Салтанатты ашылу рәсіміне Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Кажденбек, Satbayev University ректоры Мейрам Бегентаев, Eco Almaty және түрлі экологиялық ұйымдардың өкілдері, еріктілер мен қоғам белсенділері қатысты.
Ашылу барысында сөз сөйлеген Мейрам Бегентаев университеттің ECO Network-пен ынтымақтастығы екінші жыл қатарынан жалғасып келе жатқанын және нақты нәтиже беріп отырғанын атап өтті.
«Бұған дейін университет аумағында қайта өңделген пластиктен күнделікті қолданысқа қажетті бұйымдар дайындалатын өндірістік экохаб құрылған болатын. Енді біз студенттерге экология туралы білімін кеңейтіп қана қоймай, экологиялық бастамаларға қатысу арқылы тәжірибе жинауға мүмкіндік беретін білім беру орталығын ашып отырмыз. Бұл жоба Қазақстандағы басқа жоғары оқу орындарына да үлгі болады деп сенемін», – деді ректор.
Азиз Кажденбектің айтуынша, мұндай жобалар жастарды экологиялық бастамаларға тиімді тартуға мүмкіндік береді.
«Біздің тәжірибеміз жастарға мүмкіндік жасалса, олардың экологиялық жобаларға белсенді қатысуға дайын екенін көрсетіп отыр. Экологиялық мәдениет туралы айту ғана емес, нақты іс-әрекетке жағдай жасау маңызды. Жаңа экохаб Алматының белсенді жастары үшін тағы бір маңызды тартылыс орталығына айналады», – деді ол.
ECO Network және экохабтар желісінің негізін қалаушы Евгений Мұхамеджанов орталықтың тек студенттер мен оқытушыларға ғана емес, барлық қала тұрғындарына ашық болатынын айтты.
«Біз экохабты әрбір адам үшін қолжетімді әрі пайдалы кеңістікке айналдыруды көздейміз. Бүгінде мұндай орталықтар Астана мен Қарағандыда табысты жұмыс істеп жатыр. Алматыдағы жаңа орталық университеттің, Жастар саясаты басқармасының және тұрақты даму қағидаттарын қолдайтын серіктестеріміздің қолдауымен ашылып отыр», – деді Евгений Мұхамеджанов.
Экохабқа келушілер экологиялық акциялар мен білім беру бағдарламаларына қатысып, қайта өңделген пластиктен жасалған кәдесыймен, интерьер бұйымдарымен және қалдықтарды заманауи қайта өңдеу мүмкіндігін көрсететін өзге де өнімдермен таныса алады.