Елордада Satbayev University-дің жаңа инженерлік кампусының салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Жаңа кампус инженерлік білім, ғылым және инновацияны біріктіретін, академиялық дайындық пен өндірісті ұштастыратын инженерлік орталыққа айналмақ.Қазақстанның алғашқы ұлттық зерттеу техникалық университетінің Астанадағы бұл инженерлік кампусы солтүстік өңірлердің өндірістік салаларына қажет жаңа буын инженерлерін дайындайды.Заманауи ғылыми-білім беру ортасын қалыптастыру мақсатында Satbayev University инженерлік кампусы аддитивті технологиялар, робототехника, энергетика және машина жасау зертханаларымен, сондай-ақ коворкингтер мен зерттеу алаңдарымен жабдықталған. Оқу үдерісі университеттің академиялық стандарттарына сай және индустриялық серіктестердің сұранысына бейімделген.
Satbayev University Энергетика және машина жасау институтының директоры Қасым Елемесовтің айтуынша, жаңа кампус тәжірибеге бағытталған дуальды білім берудің орталығына айналады.
Сонымен қатар, кампусқа жаңа оқу және өндірістік жабдықтар жеткізілді. Келер жылы студенттер саны 1500-2000 адамға дейін ұлғаяды деп жоспарланып отыр.Satbayev University инженерлерді даярлауға арналған жаңартылған білім беру бағдарламаларын енгізді, енді студенттер тек технологияны қолданумен шектелмей, оны жасай алатын мамандарға айналмақ.