Халықаралық есірткіге қарсы күрес күніне орай бүгін елордада нашақорлыққа қарсы ұйымдастырылған айлықтың ашылуы өтті, - деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Ішкі істер министрлігі "Заң мен Тәртіп" тұжырымдамасы аясында ұйымдастырған кең ауқымды профилактикалық акция жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, есірткі қылмыстарының алдын алуға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған.
Аталған шара 26 мамыр мен 26 маусым аралығында еліміздің барлық өңірінде жалғасады. Мамандардың айтуынша, мұндай бастамалар жастар арасында жауапкершілікті арттыруға және қауіптің алдын алуға мүмкіндік береді.
Ал еріктілердің пікірінше, мұндай жобалар жастардың назарын қоғамдағы өзекті мәселелерге аударып қана қоймай, олардың өмірлік ұстанымын қалыптастыруға да ықпал етеді. Акцияға полиция қызметкерлері, ата-аналар, қоғам белсенділері, еріктілер мен жастар ұйымдарының өкілдері қатысты. Шара барысында қатысушылар үшін концерттік бағдарлама, спорттық ойындар, эстафеталар, автокөліктер көрмесі және профилактикалық алаңдар ұйымдастырылды. Айта кетейік, айлық аясында бір ай бойы еліміздің барлық өңірінде профилактикалық акциялар, жастармен кездесулер және ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жалғасады.