Түркістан облысында полицейлер жыл басынан бері 200 келіге жуық есірткі тәркіледі, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Түркістан облысы полиция департаменті "Профилактика жылы" мен "Заң және тәртіп" қағидатын іске асыру аясында есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес және нашақорлықтың алдын алу бойынша қарқынды жұмыс атқаруда. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде осы жылдың 5 айында 163 есірткі қылмысының жолын кесті, оның ішінде: есірткі өткізудің 23 фактісі, аса ірі мөлшерде сақтаудың 11 фактісі, құрамында есірткі заты бар өсімдіктерді өсірудің 10 жайты, сондай-ақ 2 фитозертхана жойылды. Заңсыз айналымнан 200 келіге жуық есірткі, оның ішінде 850 грамнан астам синтетикалық есірткі, 48 келі марихуана, 147 келі көкнар түптері мен 12 мың трамадол таблеткалары тәркіленді. Мефедрон синтетикалық препаратын "жасырып кетумен" айналысатын 8 адам ұсталды.
Жыл басынан бері есірткіге қарсы 600-ге жуық профилактикалық іс-шара өткізілді, оған облыстың 59 мыңнан астам тұрғыны қатысты. Мәселен, Түркістан қаласында нашақорлықтың алдын алуға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған айлықтың ашылуы өтті. Бұдан басқа 1 маусым мен 30 қазан аралығында облыста есірткіні дайындау және тасымалдау фактілерінің жолын кесу бойынша "Қарасора - 2025" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Оған 18 мобильді топ қатысып, екі блок-пост орнатылды. Осы бағыттағы полиция жұмысы жалғасуда.