Астана қаласында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, автомобиль жолдарының сақталуын бақылау және ауыр жүк көліктерінің белгіленген салмақ нормаларын сақтау мақсатында "Артық жүк" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде, - деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жол инфрақұрылымын сақтау, жол-көлік оқиғаларының алдын алу, сондай-ақ ауыр жүк көліктері тарапынан орын алатын құқық бұзушылықтарды анықтап, жолын кесу. Артық жүк тиеу жол жабындарының мерзімінен бұрын тозуына, көлік қозғалысының қиындауына және жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Рейд барысында полиция қызметкерлері мен уәкілетті органдар жүк тасымалдайтын автокөліктерге күнделікті тексеру жүргізуде. Сонымен қатар жүргізушілер арасында түсіндіру және профилактикалық жұмыстар ұйымдастырылып, жүк тасымалдау кезінде заң талаптарын сақтау қажеттігі ескертілуде.
Өткізілген рейдтік іс-шаралар нәтижесінде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 593-бабы бойынша 56 жүк көлігіне әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар ҚР ӘҚБтК-нің 571-бабы бойынша 3 жүк көлігі тоқтатылып, тиісті шаралар қабылданды. Іс-шара басталғалы 35 жүк көлігі айыптұраққа қойылды. Астана қаласы полиция департаменті тасымалдаушы компаниялар мен жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, белгіленген нормадан артық жүк артпауға және жол қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады.