Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Токио губернаторы Коикэ Юрикомен кездесті. Тараптар агроөнеркәсіптік кешен саласындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту көкжиегін талқылап, инвестициялық әріптестік пен аквашаруашылық бағыттарын дамытуға ерекше назар аударды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министр атап өткендей, Қазақстан Президентінің былтырғы жылғы желтоқсандағы Жапонияға сапары екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің дамуына тың серпін берді. Биыл алғашқы тоқсанда Қазақстан мен Жапония арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің тауар айналымы 75%-ға артты.
Айдарбек Сапаров отандық өндірушілердің жапон нарығына өнім экспортын ұлғайтуға ынталы екенін айтты.
«Біздің еліміздің экспорттық әлеуеті зор және экологиялық таза әрі жоғары сапалы өнім жеткізу көлемін арттыруға дайын. Жапонияға экспортталатын өнім түрлерін кеңейтуге деген қызығыушылығымыз зор. Оның ішінде бал, сүт өнімдері, құс еті, сиыр еті, қой еті және терең өңделген өнімдер бар. Аграрлық саладағы ықпалдастықты нығайту елдеріміздің азық-түлік қауіпсіздігі мен тұрақты дамуын қамтамасыз етудегі маңызды фактор болатынына сенімдімін», – деді министр.
Келіссөздер барысында жылқы етін экспорттау мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Қазіргі таңда екі ел арасында ветеринариялық-санитариялық талаптар мен ветеринариялық сертификат нысаны келісілген. Сондай-ақ Жапония экспорттаушыларының тізіліміне Қазақстанның 47 компаниясы енгізілген.
«Жабяк В и К» серіктестігі мен жапондық Senko Farm компаниясы арасында қол қойылған ынтымақтастық туралы меморандум аясында Жапонияға ай сайын 100 бас жылқыны тірідей және ет өнімдері түрінде экспорттау жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта тірі жылқылар мен өзге де ет өнімдерін экспорттауға қойылатын талаптарды келісу жұмыстары жүргізілуде.
Министр жапон нарығына Ресейдің теңіз порттары арқылы логистикалық бағыттарды пайдалана отырып, қазақстандық жоғары сапалы астық пен ұн жеткізудің мүмкіндігі жоғары екенін де атап өтті.
Тараптар сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Токиода өткен «Орталық Азия – Жапония» саммитінде көтерген бастамаларын жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
Атап айтқанда, Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі Жапония Елшілігімен бірлесіп, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті жанындағы қазақстан-жапон инновациялық орталығы базасында Тұрақты ауыл шаруашылығы жөніндегі зерттеу платформасын құруды пысықтауға кірісті.
Өз кезегінде Коикэ Юрико Жапония тарапының Қазақстанмен аграрлық саладағы әріптестікті нығайтуға, өзара сауданы кеңейтуге және технологиялық ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық танытып отырғанын жеткізді.
«Жапония Қазақстанның аквамәдениет саласын дамыту тәжірибесін мұқият зерделеуде. Біз бірлескен жобаларды жүзеге асыру, технологиялар мен ғылыми әзірлемелер алмасу маңызды екенін көріп отырмыз. Осы бағыттағы әріптестік елдеріміз арасындағы өзара іс-қимылды жаңа сапалы деңгейге көтеретініне сенімдімін», – деді Токио губернаторы.
Айдарбек Сапаров делегация мүшелеріне осы саланы қолдау шаралары туралы ақпарат берді. Атап айтқанда, субсидиялау, жеңілдетілген несиелеу, салықтық жеңілдіктер және қаржылық емес қолдау құралдары бар.
«Жүйелі жұмыстың арқасында еліміздегі балық өсіру шаруашылықтарының саны 2,5 еседен астам өсіп, 700-ге жетті. Балық өсіру көлемі жылына 9 мың тоннадан 26 мың тоннаға дейін артты, сондай-ақ салаға тартылатын жеке инвестициялар көлемі едәуір ұлғайды. Біз бекіре өсіру және балық өнімдерін терең өңдеу салаларындағы тәжірибелермен, технологиялармен бөлісуге дайынбыз», – деп атап өтті министр.
Кездесу соңында Айдарбек Сапаров Қазақстан Үкіметі инвесторлар үшін барынша қолайлы жағдай жасауға дайын екенін және аграрлық саладағы бірлескен жобалар екі мемлекет арасындағы экономикалық байланыстар мен азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.