Алматыда «AMANAT» партиясының «TURGYNDAR AMANATY» жобасы аясында қалалық форум семинар ұйымдастырылды. Оның барысында көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару саласындағы түйткілді мәселелерді жүйелі шешу және қала тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту қадамдары талқыланды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі «AMANAT» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шараға Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, «AMANAT» партиясының Хатшысы Ержан Жылқыбаев, мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдардың басшылары, сарапшылар, сондай-ақ МИБ, ПИК және басқарушы компаниялардың төрағалары қатысты. Алқалы жиын барысында Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Екатерина Смышляева және Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек сөз сөйлеп, орамды ойларын ортаға салды.
Алматы қаласы – еліміздегі ең ірі мегаполис. Қалада 9,5 мыңнан астам көппәтерлі тұрғын үй бар. Олардың үштен екісінен астамы – ескі тұрғын үй қоры. Ал мыңдаған үйге күрделі жөндеу жүргізу қажет. Сондай-ақ, тұрғын үй қорының айтарлықтай бөлігінің тозығы жетіп тұр. Шаһарда апатты және сейсмотұрақсыз жағдайдағы үйлер, жедел сатысы ескірген баспаналар бар. Бір жылда уәкілетті органдарға тұрғындардан мыңдаған өтініш келіп түсті.

Бұл ретте, «AMANAT» партиясының «TURGYNDAR AMANATY» жобасы тұрғындарды толғандырған мәселелерді шешудің тиімді тетігіне айналуда. Жоба көппәтерлі тұрғын үйлерді басқарудың ұтымды моделін қалыптастыруға бағытталып отыр. Осы мақсатта партия жанынан жобалық кеңсе құру, мүлік иелері бірлестіктері мен пәтер иелері кооперативтерінің төрағаларын оқыту, үйлерді күрделі жөндеуден өткізу жұмысын қолдау, цифрлық шешімдер енгізу және тұрғындардың көріктендіру бағдарламаларына қатысуын кеңейту көзделіп отыр. Сонымен қатар тұрғындармен тұрақты кері байланыс орнатуға және оларды үйлерін басқару үдерісіне белсенді тартуға ерекше назар аударылған.
Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласы тұрғындардың жайлы өмір сүруіне тікелей әсер ететінін атап өтті.
«Бүгін қала тұрғындарының тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін негізгі салалардың бірі – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселесін талқылап отырмыз. Алматыда еліміздегі ең ірі тұрғын үй қоры шоғырланған, ал мұндай ауқым ашық жүйені, нақты ережелерді және барлық тараптың жауапкершілігін талап етеді», – деді әкім.
Әкімнің айтуынша, Алматыда 9,5 мыңнан астам көппәтерлі тұрғын үй және 2,5 мыңнан астам басқару субъектісі бар. Осыған байланысты, тұрғын үй қорын жаңғырту мен басқарудың жүйелі тәсілі қажет. Сондай-ақ Дархан Сатыбалды жұмыс тұрғындармен кері байланыс негізінде құрылып жатқанын айтты.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес, азаматтардың өтініші мен кері байланысы біздің атқарып жатқан жұмысымыздың негізгі басымдығы саналады. Осыған байланысты тұрғындар көтерген мәселелер кезең-кезеңімен қаралып, шешімін тауып келеді», – деді қала әкімі.
«AMANAT» партиясының Хатшысы Ержан Жылқыбаев аталған жобаның мәні мен маңызына тоқталды.
«Біздің ортақ мақсатымыз – Алматы қаласының әрбір тұрғыны үшін қауіпсіз, қолайлы және сапалы баспана ортасын құру. Осыған байланысты, бүгін біз мүлік иелері бірлестіктері мен пәтер иелері кооперативтері төрағаларының қатысуымен осы жобаны талқылап, алдағы бірлескен жұмысымыздың басым бағыттарын айқындау үшін жиналып отырмыз. Айта кету керек, бұл бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жүргізілуде. Жыл басынан бері осындай форум семинарлар еліміздің 11 өңірінде өтіп, өз тиімділігін көрсетті. Осы тәжірибені ескере отырып, біз бұл жұмысты Алматы қаласында жалғастырып отырмыз», – деді ол.
«Тұран» пәтер иелері кооперативтері қауымдастығының төрайымы Бибігүл Жүнісбаева тұрғын үй қорын жаңғырту және басқару сапасын арттыру қадамдарының маңызына тоқталды.
«Бүгінде энергия тиімділігі, инженерлік желілердің тозуы және ескі тұрғын үй қорын жаңғырту мәселелері – аса өзекті. Біз пәтер иелері кооперативтерінің төрағаларымен және тұрғындармен жүйелі түрде жұмыс жүргізіп, оқыту және кеңес беру бағытындағы іс-шараларды ұдайы ұйымдастырып келеміз. Басқару үдерісі кәсіби деңгейге көтеріліп, тұрғындардың өздері де шешім қабылдауға белсенді қатысуы маңызды», – деді ол.
Ал Алматы қаласы пәтер иелері кооперативтері қауымдастығының төрағасы Аркадий Рубцов аталған саланы даму үшін кадрлық әлеуетті күшейту және заңнаманы жетілдіру қажет екенін мәлімдеді.
«Бүгінде тұрғын үйді басқару саласындағы мамандардың біліктілігін арттыру, заманауи стандарттарды енгізу және үйлерді жылыту маусымына дайындау мен қауіпсіздік мәселелері бойынша оқыту жұмысы ерекше маңызға ие. Сонымен қатар заңнаманы жетілдіру жұмысы жүргізілуде. Бұл қадам басқару тиімділігін арттырып, кедергілерді жоюға мүмкіндік береді», – деді ол.
Форум аясында мобильді қоғамдық қабылдау өткізіліп, онда мемлекеттік органдар мен коммуналдық қызмет саласының өкілдері тұрғын үйді басқару ұйымдарының жетекшілеріне және қала тұрғындарына кеңес берді. Сондай-ақ, тұрғын үйді күтіп ұстау, күрделі жөндеуден өткізу және қызмет көрсетуші ұйымдармен өзара іс-қимыл жүргізу мәселелері бойынша нақты көмек көрсетілді.
Іс-шара барысында тұрғын үйді басқару ұйымдарының ашық қызмет етуін қолға алу, тұрғындардың шешім қабылдаудағы рөлін арттыру, цифрландыру барысын дамыту және депутаттар мен тұрғындар арасындағы өзара іс-қимылды күшейту мәселелері талқыланды.
