Астанада заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырды деп айыпталған блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты сот процесі аяқталуға жақын. Бүгін сотталушы Эльмира Төлегенова соңғы сөзін айтты, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Сотталушы Эльмира Төлегенова соңғы сөзінде болған жайт үшін жауапкершілікті сезінетінін және өкінетінін мәлімдеді.
"Болған жағдай үшін толық жауапкершілікті сезінеміз. Өзіміз үшін үлкен қорытынды жасадық, бұл біз үшін өмірлік сабақ болды. Заң бұзғанымызға шын жүректен өкінеміз. Маған және жолдасыма қатысты кешіріммен қарап, бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауыңызды сұраймын", - деді Төлегенова.
Сондай-ақ сотталушы сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін процестік келісім жасасу туралы өтініш білдірді.
"Өз құқығымды пайдалана отырып, сіз кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін процестік келісім жасасу туралы өтініш бергім келеді. Процестік келісімнің барлық шарттары бізге түсіндірілді", - деп толықтырды ол.
Судья бұл өтінішті сот тергеуі аяқталғанға дейін беру керек екенін ескертті. Алайда қорғаушы тарап сотталушылардың мұндай өтінішті процестің кез келген кезеңінде беруге құқылы екенін алға тартты. Нәтижесінде төрағалық етуші түскен өтінішті қарау үшін прокурорға бір сағат уақыт берді.
Процестік келісім - бұл қарапайым тілмен айтқанда, сот төрелігімен жасалатын мәміле. Сотталушы өз кінәсін ресми түрде мойындап, айыппен келіседі, ал прокурор бұған жауап ретінде жеңілірек жаза ұсынады. Мұндай мәміле сотталушыларға соттың адамгершілік танытуынан үміттенуге мүмкіндік береді - мысалы, нақты түрме мерзімін бас бостандығын шектеуге немесе айыппұлға ауыстыру қарастырылуы мүмкін.