23 сәуір – Ұлттық кітап күніне орай Астана қаласы әкімдігінің Мәдениет басқармасының қолдауымен Астана қаласы бойынша ҚАЖД-ға қарасты №2 мекемеде кітапхана қоры жаңа әдебиеттермен толықты, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Іс-шара аясында мекеме кітапханасына 300-ге жуық кітап табысталып, оның мазмұндық қоры айтарлықтай кеңейді. Қорға түскен жаңа басылымдар қатарында көркем әдебиет, тарихи еңбектер, танымдық және мотивациялық кітаптар бар.
Бұл бастама сотталғандардың бос уақытын тиімді өткізуіне ғана емес, олардың рухани дамуына, ой-өрісін кеңейтуіне және кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Мекеме әкімшілігі мұндай жобалар арқылы білімге деген қызығушылықты арттыруды жүйелі түрде жалғастырып келеді.

Айта кету керек, кітап – адамның ішкі әлемін байытып, өмірге деген көзқарасын өзгертетін маңызды құрал. Осы тұрғыда қолға алынған шаралар сотталғандардың өзін-өзі дамытуына, жаңа дағдылар меңгеруіне және қоғамға бейімделуіне оң ықпал етеді.
Сотталғандар өз кезегінде көрсетілген қолдау үшін Астана қаласы әкімдігінің Мәдениет басқармасына алғыс білдіріп, мұндай бастамалардың олардың болашаққа деген сенімін нығайтып, жаңа өмірге қадам жасауына мүмкіндік беретінін атап өтті.