Өңірлік коммуникациялар қызметінде Наурызбай ауданының әкімі Назира Тоғызбаева инженерлік инфрақұрылымды дамыту туралы баяндады. Ауданда сумен жабдықтайтын, су бұратын жүйелерді салу жұмысы жалғасып жатыр: биыл ондаған шақырым желі тартылып, жаңа жобаларды іске асырмақшы, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Наурызбай ауданы қаладағы ең жас ауданның бірі, биыл бізге 12 жыл толып отыр. Аудан қарқынды дамып келеді, халық саны өсіп, тұрғын үй де қатар салынып жатыр. Осыған байланысты инженерлік инфрақұрылымға түсетін жүктеме де артты. Сондықтан тұрғындарды үздіксіз сумен қамтамасыз ету мәселесі басым бағыт болып қала бермек», — дейді Назира Тоғызбаева.
Оның айтуынша, инфрақұрылымды дамыту жұмысын аудан жүйелі түрде қолға алған. Былтыр ауданда 83 шақырымнан астам су құбыры мен 80 шақырым кәріз желісі тартылыпты. Биыл да осы қарқын сақталып, қосымша 50 шақырым су құбыры мен 48 шақырым кәріз желісін салынбақшы екен.
«Қазір тұрғындарды инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету міндеті кешенді түрде шешіліп жатыр. Біз тек жекелеген учаскелерді ғана емес, тұтас шағынаудандарды қамтитын үлкен жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Бұл тұрақты сумен жабдықтайтын, су бұру жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Барлық жұмыс бақылауда тұр», — деп атап өтті спикер.
«Ақжар (3-кезек)» жобасы аясында су құбыры мен кәріз желісінің құрылысы жүргізіліп жатыр, бұл жұмыс биылғы желтоқсанда аяқталып қалады.
Тастыбұлақ шағынауданында су құбыры мен кәріз желісін салатын үлкен жоба қолға алынды. Құрылысы 2027 жылдың желтоқсанында аяқталмақшы.
«Біз ауданның әртүрлі бөлігінде бірнеше инфрақұрылымдық жобаны қатар жүзеге асырып жатырмыз. Бұл даму қарқынын жеделдетіп, тұрғындарды негізгі коммуналдық қызметтермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жұмыстардың сапасы мен мерзімінің сақталуына ерекше көңіл бөлінеді. Нәтижесінде тұрғындар орталықтандырылған желілерге қосылып, өмір сүру сапасы жақсарады», — деп толықтырды Назира Тоғызбаева.
Сонымен қатар, Таусамалы шағынауданында мердігер ұйым анықталып, биылғы мамыр айында жұмысты бастап кеткелі отыр.