Астанадағы Нәзір Төреқұлов атындағы №35 мектеп-лицейінде мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының мамандарына арналған «Педагогтың құқықтары мен жауапкершілігі» тақырыбында қалалық семинар-тренинг өтті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Тренингтің басты мақсаты – балабақша педагогтерінің құқықтық сауаттылығын арттыру, кәсіби қызмет барысында өз құқықтарын қорғау тетіктерін меңгерту және жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру. Іс-шараға 150-ден аса педагог қатысты.
Жиында қалалық Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Қайроллаев сөз сөйлеп, «Заң мен тәртіп» қағидаты аясындағы іс-шараның маңыздылығына тоқталды.
«Мұғалімнің құқығы – тек заңдық норма емес, бұл білім беру сапасының кепілі. Педагог өз құқығын жетік білгенде ғана шәкірт бойында заңға бағынушылық пен жауапкершілік қасиеттерін нық қалыптастыра алады. Біздің мақсатымыз – әрбір маманның құқықтық қауіпсіздігін қамтамасыз ету», – деп атап өтті ол.
Тренингтің модераторы болған орталық әдіскері Айнұр Әмірханова қатысушыларды блоктар бойынша бағыттап, интерактивті талқылаулардың динамикасын үйлестіріп отырды.
Семинар барысында бір топ тәжірибелі педагог-психолог арнайы тренингтер өткізді. Іс-шара соңында қатысушылар «3 маңызды ой» әдісі арқылы алған білімдерін саралап, пікірлерін ортаға салды.