Астана қаласында көктемгі әскерге шақыру науқаны аясында алғашқы команда әскер қатарына аттанды. Алғашқы лекпен 25 азамат жолға шықты. Бұл – биылғы шақырылымдағы алғашқы топ, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Көктемгі науқан 30 маусымға дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында елордадан 1400-ден астам азамат Отан алдындағы борышын өтеуге жіберіледі. Оның ішінде 788-і Қарулы Күштер қатарына, 450-і Ұлттық ұланға, 120-сы Шекара қызметіне, 30-ы Төтенше жағдайлар министрлігіне, 25-і Мемлекеттік күзет қызметіне бағытталады. Ал республика бойынша көктемгі науқан аясында 21 мыңнан астам азаматты әскер қатарына шақыру жоспарланып отыр.
Өткен жылмен салыстырғанда Астанадан шақырылатындардың саны биыл едәуір көбейген. Мәселен, 2024 жылғы көктемде 1 165 жігіт болса, 2025 жылдың көктемінде 1 207 жігіт сарбаз атаныпты. Ал биыл Астана қаласынан әскерге шақырылғандар саны да 1400-ден астам болмақ.«Әскер – абырой үшін емес, бұл – Отан алдындағы қасиетті борыш. Әр сарбаз өз міндетін адал атқарып, жақсы қырынан көрінсе, болашақта жоғары оқу орнында білімін жалғастырып, кәсіби жолын Қорғаныс министрлігімен бірлесе жоспарлауға мүмкіндік алады. Сондықтан жастар бұл мәселеге үлкен жауапкершілікпен қарауы тиіс. Заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, биыл әскерге шақырылатын азаматтарға хабарлама электронды форматта жолданады. Атап айтқанда, 1414 нөмірінен SMS-хабарлама келеді. Ал егер электронды түрде хабарлау мүмкін болмаса, қағаз түріндегі шақырту жұмыс орны арқылы мекеме басшысына немесе туыстарына қолхатпен табысталуы мүмкін. Осылайша, көпарналы жүйе арқылы азаматтарды әскерге дер кезінде шақыру қамтамасыз етіледі», – деді Астана қаласының Қорғаныс істері департаментінің бастығы полковник Руслан Балтеміров.