Астанада коммуналдық қызметтер қыс басталғалы бері күшейтілген режимде жұмыс істеп келеді. Боран мен аязға қарамастан, қаладан қар тәулік бойы, үздіксіз шығарылып жатыр, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Өткен түнде қала аумағынан арнайы қар полигондарына 1 929 рейспен шамамен 30 мың текше метр қар шығарылды.
3 ақпан таңертеңнен бастап қаланы қардан тазалау жұмысына 3 мыңнан астам жол жұмысшысы мен 1 600-ден аса арнайы техника тартылды.
Жалпы, қыс мезгілі басталғалы бері елордадан қар полигондарына 248 493 рейс арқылы 3 млн 472 мың 175 текше метр қар шығарылды.
Ең алдымен негізгі көшелер мен қоғамдық көлік жүретін бағыттар тазартылуда. Одан кейін қозғалыс қарқыны орташа аумақтарда – аулаларда, алаңдарда, тротуарлар мен аялдамаларда тазалау жұмысы жүргізіледі.
Қала тұрғындарының қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін жолдар, тротуарлар мен көшелерге техникалық тұз себілуде. Бұл жұмыстар да тәулік бойы атқарылып жатыр.
Сонымен қатар, аула аумақтарындағы тазалықты қамтамасыз ету пәтер иелері кооперативтері (ПИК) мен мүлік иелері бірлестіктерінің (МИБ) міндетінде. Олар тұрғындардың қауіпсіздігі мен қолайлылығы үшін аулаларды қар мен көктайғақтан уақытылы тазалауы тиіс.
Астана қаласының әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік ережелерін сақтауға, жолдар мен тротуарларда барынша сақ болуға, сондай-ақ қолайсыз ауа райы жағдайында алыс жолға шықпауға шақырады.