Астанада ауа райының қолайсыздығына қарамастан қаланың коммуналдық қызметтері күшейтілген тәулік бойғы режимде жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Күндізгі ауысымда қаладан қар полигондарына 3 720 рейспен шамамен 50 мың текше метр қар шығарылды. 12 қаңтардан 13 қаңтарға қараған түні қар күреу жұмысына 485 жол жұмысшысы мен 1 700-ден астам арнайы техника жұмылдырылды.
Қыс мезгілі басталғалы бері елордадан қар полигондарына жалпы көлемі шамамен 2,3 млн текше метр қар 173 082 рейспен шығарылған.
Ең алдымен негізгі көшелер мен қоғамдық көлік жүретін бағыттар тазартылуда. Одан кейін қозғалыс қарқыны орташа аумақтарда – аулаларда, алаңдарда, тротуарлар мен аялдамаларда тазалау жұмысы жүргізіледі.Қала тұрғындарының қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін жолдар, тротуарлар мен көшелерге техникалық тұз себілуде. Бұл жұмыстар да тәулік бойы атқарылып жатыр.
Сонымен қатар, аула аумақтарындағы тазалықты қамтамасыз ету пәтер иелері кооперативтері (ПИК) мен мүлік иелері бірлестіктерінің (МИБ) міндетінде. Олар тұрғындардың қауіпсіздігі мен қолайлылығы үшін аулаларды қар мен көктайғақтан уақытылы тазалауы тиіс.
Астана қаласының әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік ережелерін сақтауға, жолдар мен тротуарларда барынша сақ болуға, сондай-ақ қолайсыз ауа райы жағдайында алыс жолға шықпауға шақырады.