Елорданың коммуналдық қызметі күшейтілген тәулік бойы жұмысын жалғастыруда. Қаладан күндіз де, түнде де қар шығарылады, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Өткен түнде қала аумағынан арнайы полигондарға 634 рейспен 9,8 мыңнан астам текше метр қар шығарылды. 30 қаңтар таңертең қаланы қардан тазалау жұмысына 3 135 жол жұмысшысы және 1 124 бірлік арнайы техника жұмылдырылды.
Жалпы, қыс маусымының басынан бері қаладан қар полигондарына 239 285 рейспен 3 млн 332 мың 994 текше метр қар шығарылды.
Ең алдымен негізгі көшелер мен қоғамдық көлік жүретін бағыттар тазартылуда. Одан кейін қозғалыс қарқыны орташа аумақтарда – аулаларда, алаңдарда, тротуарлар мен аялдамаларда тазалау жұмысы жүргізіледі.
Қала тұрғындарының қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін жолдар, тротуарлар мен көшелерге техникалық тұз себілуде. Бұл жұмыстар да тәулік бойы атқарылып жатыр.
Сонымен қатар, аула аумақтарындағы тазалықты қамтамасыз ету пәтер иелері кооперативтері (ПИК) мен мүлік иелері бірлестіктерінің (МИБ) міндетінде. Олар тұрғындардың қауіпсіздігі мен қолайлылығы үшін аулаларды қар мен көктайғақтан уақытылы тазалауы тиіс.
Астана қаласының әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік ережелерін сақтауға, жолдар мен тротуарларда барынша сақ болуға, сондай-ақ қолайсыз ауа райы жағдайында алыс жолға шықпауға шақырады.