Талдықорған қаласында "Интернет-алаяқтықтың алдын алу" тақырыбында ұйымдастырылған форумға 500-ден астам педагог қатысты, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
І.Жансүгіров атындағы мәдениет үйінде Жетісу облысы ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы ұйымдастырған форум өтті. Іс-шара интерактивті форматта өтті: қатысушыларға ақпараттық брошюралар таратылып, бейнероликтер көрсетілді, зияткерлік ойындар мен талқылаулар жүргізілді. Мамандар интернет-алаяқтардың қазіргі тәсілдерін, оның ішінде жасанды интеллект көмегімен жасалатын схемаларды қарапайым тілмен түсіндірді. Ең жиі кездесетін алаяқтық түрлері — жалған банк қызметкерлерінің қоңыраулары, whatsApp пен telegram аккаунттарын бұзу, фишингтік сілтемелер, басшылар мен әріптестер атынан ашылған жалған парақшалар, QR-код арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттер.
Мектептегі киберқауіпсіздікке арналған бөлімде балалардың цифрлық қауіпсіздігі — мұғалімдер, ата-аналар және полицияның ортақ жауапкершілігі екені айтылды. Қатысушылар заманауи интернет-алаяқтыққа байланысты білімдерін QR-код арқылы онлайн-тесттен өту арқылы тексерді. Шара барысында блогерлер мен Жетісу облысының белсенді тұрғындары өз тәжірибелерімен бөлісіп, сақтану жолдарын айтты. Форум соңында жеке құраммен жұмыс басқармасының қызметкерлері полицияға орналасу, бейінді оқу орындарына түсу және "Жас сақшы" полиция сыныптарының жұмысы туралы ақпарат берді. Іс-шара халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруға және интернет-қылмыстың алдын алуға бағытталған маңызды қадам болды.