Полиция ЖИ арқылы жасалатын алаяқтық туралы ескертті, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Жасанды интеллект технологияларының дамуына байланысты алаяқтар азаматтарды алдаудың жаңа тәсілдерін игеріп жатыр. Олар енді дауыс көшірмесін жасап, жалған видеолар құрастырып, таныс адамдардың бейнесін имитациялап, тіпті нейрожелілер арқылы жеке аккаунттарды бұзып кіре алады. Осыған байланысты Жамбыл облысы полиция департаментінің қызметкерлері аймақтағы тұрғындарды жаңа қауіптерден сақтау мақсатында профилактикалық жұмыстарды күшейтті. Полицейлер мектептерге, жоғары оқу орындарына, ұйымдарға және тұрғын үй кешендеріне барып, ақпараттық парақшалар таратып, алаяқтардың құрбаны болмаудың жолдарын түсіндіруде.
Жасанды интеллект арқылы жасалатын алаяқтықтың құрбаны болмау үшін не істеу керек? Жақындарыңызға қайта қоңырау шалыңыз – егер көмек сұраған күмәнді дауыс хабарламасы келсе, оның расында жақыныңыз екенін анықтап алыңыз. Алаяқтар дауысты ұқсатып жасап алады. Аудио немесе видео хабарламалар арқылы ақша жібермеңіз – ол танысыңыздан келгендей көрінуі мүмкін. Алдымен басқа байланыс тәсілімен нақтылап алыңыз. Мессенджерлердегі шұғыл өтініштерге сенбеңіз – әсіресе, жағдайдың шұғыл екенін айтып, сендіруге тырысқан сәтте. Алаяқтар аккаунттарды бұзып, достарыңыздың атынан хат жаза алады.
Күдікті сілтемелер мен файлдарды ашпаңыз – алаяқтар ЖИ арқылы жалған банк сайттарын жасап, сол арқылы сіздің жеке деректеріңізді алуы мүмкін. Ақпаратты тексеріңіз – егер сізге күмән тудыратын видео немесе дауыс хабарламасы келсе, оны ресми дереккөздерден тексеруге тырысыңыз. Екі факторлы аутентификацияны орнатыңыз – бұл әлеуметтік желілер мен мессенджердегі аккаунттарыңызды бұзылудан қорғайды. "Жеңіл табыс" туралы ұсыныстардан сақ болыңыз – алаяқтар ЖИ арқылы автоматтандырылған хат-хабар таратып, инвестициялық схемалар, ұтыстар мен қаржылық айла-шарғылар ұсынуы мүмкін. Полиция жасанды интеллект технологияларын қолданатын алаяқтарға тап болсаңыз, дереу "102" нөміріне хабарласуға шақырады.