Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Тайжанов Жәнібек Астана-1 теміржол вокзалының қайта жаңарту барысымен танысты. Іс-шара Астана қаласы әкімдігінің, «ҚТЖ» ҰК» АҚ және «Қазреставрация» ШЖҚ РМК өкілдерінің қатысуымен өтті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Жұмыс сапары барысында вице-министр қазіргі уақытта негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатқан вокзал кешенінің жаңа бөлігін қарап шықты. Қайта жаңарту нәтижесінде вокзалдың жалпы аумағын 7 827 шаршы метрден 8 409 шаршы метрге дейін ұлғайту көзделген. Жобада заманауи инженерлік және цифрлық шешімдерді енгізу, жаңа құрылыс технологияларын қолдану, сондай-ақ жолаушылар ағынының өсуін, қауіпсіздік пен жайлылық талаптарын ескере отырып, функционалдық жоспарлауды жаңарту қарастырылған.
Жаңа бөлікті қайта жаңарту кезеңінде жолаушыларға қызмет көрсету үшін пайдаланылып отырған Астана-1 вокзалының ескі бөлігіне ерекше назар аударылды. Вице-министр жұмыс істеп тұрған ғимараттағы жолаушыларға қызмет көрсету жағдайларымен, оның ішінде күту залы, массаж функциясы бар орындықтар, қоғамдық тамақтану нысандары, санитарлық-тұрмыстық үй-жайлар және өзге де сервистік аймақтармен танысты.
Вокзалдың ескі бөлігі тарихи-мәдени мұра нысаны болып табылады. Оны қайта жаңарту тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау саласындағы заңнама талаптарын сақтай отырып, «Қазреставрация» ШЖҚ РМК тарапынан жүзеге асырылатын болады. Қазіргі уақытта ғимаратта объектінің тарихи келбетін сақтай отырып, оны кейінгі реставрациялауға және қазіргі пайдалану жағдайларына бейімдеуге бағытталған дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Тексеру қорытындысы бойынша вице-министр «ҚТЖ» ҰК» АҚ мен мердігер ұйымға жұмыс кестесін қатаң сақтау, жобаның барлық қатысушыларының іс-қимылдарын үйлестіру, сондай-ақ құрылыс-монтаж жұмыстарының уақтылы аяқталуын және объектіні пайдалануға беруді қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берді. Вокзал кешенінің жаңа бөлігі бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарының аяқталуы ағымдағы жылдың қазан айының соңына дейін жоспарланып отыр.
Астана-1 вокзалын қайта жаңарту теміржол инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылуда және тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтай отырып, өткізу қабілетін арттыруға, жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсартуға, сондай-ақ көлік сервисінің заманауи стандарттарын енгізуге бағытталған.