«Almaty Business – 2025» өңірлік кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында Алматыда сэндвич-панельдер шығаратын жаңа өндіріс құру жөніндегі инвестициялық жоба қолға алынды. Жобаны «Алматы» ӘКК» АҚ-ның еншілес ұйымы — «Almaty Finance» ЖШС қаржыландырды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«East Star Com.kz» ЖШС-не 2025 жылы желтоқсанда 7 жыл мерзімге жылдық 6% жеңілдетілген мөлшерлемемен 480 млн теңге көлемінде қаржы берілді. Жобаның жалпы инвестиция көлемі 1,5 млрд теңге, оның ішінде 1 млрд теңге компанияның өзінің қаржысы.
Өндірістік кешен Алматының Индустриялық аймағында («Алматы» ӘКК» еншілес ұйымы) орналастырылады. Жоба аясында бір ауысымда 3 000 шаршы метрге дейін өнім шығаратын заманауи технологиялық желі сатып алынып, іске қосылады. Сэндвич-панельдер өрт және экологиялық қауіпсіздіктің жоғары талаптарына сай келетін, өз өндірісіндегі минералды жылу оқшаулағыш материалдарды пайдалана отырып дайындалады, мектептер, ауруханалар мен тұрғын үйлерді қосқанда, коммерциялық және әлеуметтік құрылыс саласында қолданылады.
Жобаның жүзеге асырылуы Алматының және Қазақстанның басқа өңірлерінің құрылыс нарығын отандық құрылыс материалдарымен қамтамасыз етіп, импорттың үлесін қысқартуға мүмкіндік береді.
«Алматы Индустриялық аймағындағы жобаларды қолдау — қаржыландырудың басым бағыттарының бірі. Қаланың өнеркәсібін дамытумен қоса, бұл жоба 33 жаңа жұмыс орнын құрып, 7 жыл ішінде бюджетке шамамен 490 млн теңге салық түсімін қамтамасыз етеді», — деді «Almaty Finance» ЖШС басқарма төрағасы Ерлан Егембердиев.