Астана ресми түрде Еуропалық қолжетімді туризм желісіне – European Network for Accessible Tourism (ENAT) қосылды. Осылайша ТМД елдері арасындағы алғашқы қала атанды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Бұл мәртебе Астананың мүгедектігі бар тұрғындар мен қонақтарға арналған инклюзивті орта құруға деген ұмтылысын растайды.«Астанада шамамен 43 мың адамның мүгедектігі бар: оның 31 мыңы – ересектер, 12 мыңы – балалар. Бұл көрсеткіштер жүйелі өзгерістерге негіз болды. Қала жаңа технологиялар, білім беру және әлеуметтік жауапкершілікті біріктіре отырып, инклюзивтіліктің стандарттарын қалыптастыруда», – деді «Еуразиялық инклюзивті қоғамды дамыту қауымдастығы» ҚБ төрағасы Вячеслав Пак.
Қалада еркін қозғалуды қамтамасыз ету – өмір сапасының басты көрсеткіштерінің бірі. 2014 жылдан бері қоғамдық көлік жүргізушілерін мүгедектігі бар жолаушыларды қызмет көрсету бойынша халықаралық стандарттармен оқыту жүргізіліп келеді. Нәтижесінде қоғамдық көліктің 92,6 %-ы (1750 көліктің 1600-ден астамы) пандустармен жабдықталған.
Мәдениет әркім үшін қолжетімді болуы тиіс. Осы қағидат Астанада инклюзивті орта жасалған мәдени мекемелерде басшылыққа алынған. Қалалық және ұлттық музейлерге аудиогидтер, сенсорлық экрандар, ымдау тіліндегі көрсеткіштер және Брайль шрифімен экспонаттардың сипаттамалары орнатылды. Музей персоналы арнайы даярлықтан өтті.
Елордадағы «Астана Опера» театры да инклюзивтілік стандарттарына сай жобаланған: пандустар, арнайы лифтер, кеңейтілген есік, мүгедектерге арналған аймақтар.
Сонымен қатар, қалада мүгедектігі бар адамдарға арналған арнайы туристік маршруттар жасалған. Олар Нұржол желекжолы, Ботаникалық бақ, Тәуелсіздік алаңы, ескі қала және Есіл өзенінің бойы қамтылған.
Медициналық туризм де дамып келеді: Қазақстанда 25 клиника халықаралық комиссия аккредитациясынан өткен, оның 7-еуі – Астанада. Айрықша назар аударатын – Ұлттық балалар реабилитациялық орталығы, мұнда жыл сайын 4200 балаға көмек көрсетіледі.
Қала туризм саласында қызмет көрсететін 200 қызметкерді инклюзивті стандарттар бойынша оқытты, жаңа жобалар мүгедектігі бар адамдармен бірлесіп іске асырылуда. Астана аталған қолжетімділікті – ерекшелік емес, әр адам үшін толыққанды өмір сүру құқығы ретінде көрсетіп отыр.
Еуропа Одағында 80 миллионға жуық мүгедектігі бар адам өмір сүреді, олардың 70%-дан астамы белсенді саяхаттайды. Астананың ENAT желісіне қосылуы әлеуметтік бағытталған туризмді дамытуға, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге жол ашады.