Халықаралық мүгедектігі бар адамдар күні қарсаңында Астанада Қазақстан мүгедектер конфедерациясы ұйымдастырған және «AMANAT» партиясының қолдауымен өткен XVIII «Жан Шуақ» қоғамдық сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті. Бұл сыйлық – қоғамдық әрі кәсіби қызметте ерекше табысқа жеткен, өмірлік ұстанымымен өзгелерге үлгі болған ерекше қажеттілігі бар азаматтарға жыл сайын табысталатын құрметті награда, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Іс-шараға еліміздің барлық өңірінен мыңға жуық ерекше қажеттілігі бар тұлғалар қатысты. «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов қоғам игілігі үшін еңбек етіп жүрген жандарға «Жан Шуақ» сыйлығын салтанатты түрде табыстады.
Солардың қатарында Астана қаласындағы №10 Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация орталығының басшысының міндетін атқарушы, педагог-психолог Меруерт Жақыпова да бар. Ол «Рухының биіктігі мен жеңіске деген талпынысы үшін» номинациясының жеңімпазы атанып, бір миллион теңге мөлшерінде қаржылай сыйлыққа ие болды.
Меруерт Жақыпова церебральды паралич диагнозына қарамастан, инклюзивті білім беру бағытында тынбай еңбек етіп келеді. Ол – ерекше білім беруді қажет ететін балаларға кәсіби психологиялық қолдау көрсетіп жүрген білікті маман. Сонымен бірге, адамдарды ынталандыратын әлеуметтік жобалар мен мотивациялық блог жүргізеді.
Мерует Жақыпованың бұл марапаты оның қайсарлығының, кәсібилігінің, биік рухының және өзгелерге деген шынайы көмегінің нәтижесі. Ол қоғамда инклюзивті ойлауды қалыптастыруға, ерекше қажеттілігі бар жандардың әлеуетін ашуға зор үлес қосып келеді.