Астана қаласындағы «Келешек мектептері» желісі соңғы жылдары білім берудің заманауи талаптарына сай STEM, робототехника және жасанды интеллект бағыттарын жүйелі түрде дамытып келеді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілішсі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Бұл мектептерде ашылған жаңа үлгідегі робототехнология кабинеттері оқушылардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін ашып, олардың қалалықтан бастап халықаралық деңгейге дейінгі жарыстарда жоғары әрі рекордтық нәтижелер көрсетуіне кең мүмкіндік беріп отыр.
«Келешек мектептеріндегі» робототехника кабинеттері толықтай заманауи форматта жабдықталған. Мұнда оқушылар тек теориялық біліммен шектелмей, нақты инженерлік жобалармен айналысып, тәжірибелік дағдыларын жетілдіреді. Кабинеттердің материалдық-техникалық базасына LEGO Spike Prime, LEGO Spike Essential, LEGO EV3, WeDo 2.0, Arduino және Raspberry Pi платформалары, 3D-принтерлер, квадрокоптерлер мен дрондар, REV Robotics жиынтықтары, сондай-ақ басқа да заманауи инженерлік құрылғылар кіреді. Бұл мүмкіндіктер оқушылардың алгоритмдік ойлауын, бағдарламалау қабілетін, инженерлік дағдыларын және жобалық қызметін жан-жақты дамытуға жағдай жасайды.

Осындай ортада білім алып жүрген оқушылар күрделі техникалық тапсырмаларды өз бетінше шешуге, тың идеяларды ұсынып, оларды нақты инновациялық жобаларға айналдыруға машықтанады.
«Келешек мектептері» ашылғалы бері соңғы екі жыл ішінде оқушылар робототехника, дрон, STEM, жасанды интеллект және инженерлік бағыттағы байқаулардың белсенді қатысушылары ғана емес, бірнеше мәрте жеңімпаз атанды. Мектеп командалары FIRST LEGO League, FIRST Tech Challenge, FIRST Global Challenge, Fibonacci International Robot Olympiad, RoboLand, RoboZerde, Astana FIRST Regional, AI Robotics & Drone, NASA Space Apps Challenge, AEROO Space Settlement Competition, Robowin сынды беделді халықаралық және республикалық жарыстарда жүлделі орындарға ие болды.
Айрықша жетістіктер қатарында халықаралық деңгейдегі алтын, күміс және қола жүлделер, сондай-ақ Judges Choice, Innovate Award, Connect Award, Rising All Star, Engineering Excellence Award секілді арнайы марапаттар бар. Сонымен қатар, оқушылар Түркия, Италия және Дубай елдерінде өткен халықаралық жарыстарға жолдама алып, дрон, гуманоид робот және инновациялық жобалар бағытында үздік нәтижелер көрсетті.
Бұл жетістіктер «Келешек мектептері» оқушыларының робототехника кабинеттерінде алған білімі мен тәжірибесінің жоғары деңгейде екенін айқын дәлелдейді. Аталған мектептерде қалыптасқан инновациялық білім беру экожүйесі болашақта бәсекеге қабілетті инженерлерді, IT-мамандарды, жас ғалымдар мен технологиялық көшбасшыларды тәрбиелеуге зор үлес қосып отыр.